Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған науқастардың көбеюіне байланысты екі инфекциялық стационар ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Қалибековтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткендей, Казталов аудандық ауруханасында 75 төсектік және облыстық фтизиопульмонолия орталығының Кумыска бөлімшесінде 90 төсектік стационар жұмыс жасай бастады.
Оның сөзіне қарағанда, күні бүгін инфекциялық стационарлар саны 10-ға (төсек-орын 504-тен 619-ға) жетіп, оларда 234 науқас емделіп жатыр. Соның ішінде бесеуі ауыр халде.
Пандеемия басталғаннан бері тіркелген 40 795 науқастың 39 414-і жазылып шықса, 858-і көз жұмды.
А.Қалибековтің айтуынша, вакцинация басталғаннан бері 262 573 адам (жоспардың 63,4 пайызы) бірінші, 247 308-і екінші компонентпен егілді.
«Қазіргі таңда 7440 адам Pfizer вакцинасын салдырса, соның 263-і – жүкті, 3353-і – бала емізетін әйелдер, 3824-і – жасөспірімдер. Облыс бойынша 32 868 тұрғын ревакцинациядан өтті. 3 мың доза «Спутник Lite» вакцинасы өңірге осы айдың аяғына дейін жеткізілмекші. Бұл екпе ревакцинациядан өтетін адамдарға қолданылады. 60 жастан асқандар мен медицина қызметкерлерін Pfizer вакцинасымен ревакцинациялауға рұқсат берілгені белгілі. Осы уақытқа дейін бұл екпемен 722 адам ревакцинацияланса, соның 353-і – медицина қызметкерлері, 369-ы – алпыс жастан асқандар», деді А.Қалибеков.