Қазақстандық экономист Олжас Құдайбергенов елден шығарылатын офшорлар, жаңа Қазақстан экономикасының даму болашағы мен бизнес, ірі компаниялардың қызметіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Енді бизнесте ашық және әділ ойын ережелері болады. Және әділ ойын монополияға қарсы күрес, мемлекеттік сектор мен ірі жеке секторларға да қатысты. Реформалар негізгі үш бағыт бойынша жүреді. Ол - сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, сот жүйесі және әкімшілік реформа. Барлық жерде кадрлар жаңарады, өзгерістің негізі жеке сектордан жаңа адамдардың келуіне байланысты. Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың жеке бизнес өкілдерімен шексіз соттасу тәжірибесі тоқтатылады. Егер мемлекеттік орган бірінші инстанцияда жеңілсе, ары қарай шағымданбауы ықтимал», - деді Олжас Құдайбергенов. Оның айтуынша, бизнес пен ірі компаниялардың қарапайым халық қамын ойлайтын уақыты жетті. «Ақшаны офшорға шығаруға тосқауыл қойылып, елге капиталды қайтару жұмысы жанданады. Сонымен қатар «іштен тауып – сыртта жұмсау» деген ескі мәдениетті жою керек. Болашағын Қазақстанмен байланыстыратындар қаржысын ел ішінде инвестициялауы керек. Салық төлеуден жалтарған ірі компаниялар мұны тоқтатуы тиіс. Бұдан былай Үкіметпен қатар бизнес те ел болашағы үшін жауапты. Ірі компаниялар «Қазақстан халқына» қорына тұрақты түрде қаржы аударатын болады», - дейді ол. Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы еліміздің ірі бизнес өкілдерімен кездесу барысында Үкіметке капиталды елге қайтару және офшорға қаржы шығаруға тосқауыл қою жұмысын жүктеген еді. Сондай-ақ, Президент отандық экономист айтып отырған ірі компаниялардың салықтан жалтару проблемасын да көтерді.