«Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХІ съезінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Jas Otan» жастар қанатының қатарына жастар арасында сенімге ие көшбасшыларды тартуды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қаңтардағы қайғылы оқиғалар жастардың әлеуметтік-экономикалық бейімделуіндегі үлкен олқылықты көрсетіп берді. Бұған жергілікті атқарушы органдармен қатар жалпы мемлекеттік басқару жүйесі кінәлі. «Jas Otan» нақты жұмыс істеу үшін зор әлеуетке ие. Партияның жастар қанатында бүкіл еліміз бойынша 100 мыңнан астам мүше бар. Бірақ, осынау айтарлықтай ресурс лайықты қолданылмай отыр», - деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президенті қалаларда жайластырылмаған жастармен нақты жұмыс жүргізілуі тиістігін баса айтты.
«Jas Otan» қатарына пайдалы қоғамдық қызметпен айналысуға дайын, жастар арасында сенімге ие көшбасшыларды тарту қажет. Мемлекет жастарды жұмыспен қамту, білім беру және оқыту саласында бірқатар маңызды жобаны жүзеге асыруда. Алайда, әлеуметтік сұрау салу нәтижесі жастардың басым бөлігі олар жайында ештеңе де білмейтіндігін көрсетіп отыр. Мұндай ахуалды табанды түрде өзгерету қажет», - деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, партия съезіндегі Мемлекет басшысының сөйлеген сөзі ҚР Президенті баспасөз қызметінің Twitter-дегі парақшасында жариялануда.