28.01.2022, 23:56
Оқылды: 52

Сахна падишасының туғанына 85 жыл

Биыл белгілі актриса, «Отан», «Ленин», «Құрмет белгісі» ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған, 1952 жылы «Абай» пьесасындағы рөлі үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған жерлесіміз, сахна падишасы Хадиша Бөкееваның туғанына 85 жыл.

IMG-20220128-WA0086

1917 жылдың 21-ші ақпанында Казталов селосында дүниеге келген өнер иесін жерлестері мәңгі жадында сақтап, өнерін сахнада да, жиындарда да насихаттап, еске алып жүр. Барыс жылындағы 85 жылдық мерейтойын атап өту шараларының алғашқысы киелі де, ғибратты орыннан бастау алды.

28 қаңтар күні Казталов аудандық орталық кітапханасында С.Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығының және кітапхана ұжымының бірлесе ұйымдастыруымен «Сахна падишасы ХАДИША БӨКЕЕВА» атты танымдық шара оздырылды. Өнегелі өнер иесінің ғұмыры мен шығармашылығын насихаттау шарасына мектеп оқушылары, көру мүмкіндігі шектеулі жандар, Казталов арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкерлері мен қызмет алушылары қатысты.

IMG-20220128-WA0087

Шара актриса жайлы кітап көрмесін таныстырудан басталды. Жерлесін ұлықтаған кітапхана ұжымы сахна падишасы жайлы тың еңбектерді жинақтап, көпшілік назарына ұсынды. Қалың кітаптар арасында көзі нашар көретін жандар үшін жазылған еңбектер де бар. Бұл рухани азық сыйлар орда ұжымының аудан тұрғындары үшін атқарып жатырған еңбегінің бір көрінісі. Көрменің таныстырылымынан соң танымдық шараның екінші кезеңі өнер иесінің шығармашылығына арналды. Оның ғұмыр дерегі баяндалып, ойнаған қойылымдарынан үзінділер көрсетілді. Сонымен қатар өскелең ұрпақ, жас буын жерлес апайымыздың ұстаздық жолы хақында көріністі сахналап, өнер қайраткерінің тағы бір қырын қалың оқырманға паш етті.

-Бүгін рухани азық сыйлар танымдық шараның куәсі болып отырмыз. Қазақ руханияты мен өнерінде ойып тұрып орын алған, дара да асыл тұлғаның өмірі мен шығармашылығы өскелең ұрпаққа насихатталып отыр. Бұл туған жерден түлеп ұшқан тарихи тұлғалардың ұрпақ санасында жаңғыруына септігін тигізеді. Бұдан бөлек өнер әлеміне деген қызығушылықты арттырады. Ал, С.Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығының және аудандық орталық кітапхананың ұжымы рухани құндылықтарымызды, асылдарымызды насихаттауда өзіндік ерекше сипаттарын көрсете білді, - деп С.Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығының бөлім жетекшісі Нафхат Максимұлы шараға оң бағасын беріп, пікірімен бөлісті.

Танымдық шара мектеп оқушыларының «Актёр» монологымен аяқталды.

 

 

Асылбек Нәсіпқали, 

Казталов ауданы

Zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале