Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Хабар 24» телеарнасына сұхбат берді. Президент «қасіретті қаңтарды» кімнің ұйымдастырғанын, неліктен 20 мың содыр шабуылдады деп мәлімдеме жасағанын, ескертусіз оқ атуға бұйрық беруіне не себеп болғанын айтып берді. Одан бөлек, ел арасында желдей есіп жүрген қаңқу сөздерге қатысты пікір білдірді.
-«Қасіретті қаңтарды» ұйымдастырған адамдар, әрине, материалдық құндылықтарға қызығушылық танытпады. Олар әкімшілік ғимараттарға шабуыл жасады. Оларды қылмыстық істер, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құжаттары қызықтырды, бұл шетелден содырларды тарта отырып, мұқият жоспарланған шабуыл болды. Ашығын айту керек, тәртіпсіздік болды. Құқық қорғау органдарының басшылары өздеріне жауапкершілік алудан қауіптенді. Мен оларға Рокоссовский немесе Жуковтың әрекетін мысалға келтірдім, яғни олар күн сайын Сталиннен қандай да бір іс-қимылдар үшін рұқсат сұраса, олар соғыста жеңіске жетер ме еді? Бұл жағдайда өздеріне жауапкершілік алу керек болды. Біздің заңдар осылай болып тұр, Жаңаөзендегі оқиғадан кейін дәл осындай жағдайларда құқық қорғау құрылымдарын еркіндігі жоқ ахуалға түсіретін заңдар қабылданды. Сондықтан жаппай мәлімдемеге дейін қарулы бандиттерге оқ ату керек екенін айтып, жауапкершілікті өзіме алдым. Ал үндеу жасаған кезде бұл мәселені көпшілікке қайталап айттым,- деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ ол қоғамның саяси трансформациясымен де, экономиканы жандандырумен де бір мезетте айналысу керектігін жеткізді.
Билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалог халық үшін қашанда сұраныста. Ел Президентінің ашықтығы, мемлекетімізге қауіп-қатер төнгенде батыл шешім қабылдауы, болашақта азаматтардың әл-ауқатын арттырып, табыс алшақтығын жою, жұмыс орындарын ашу және инфляцияны тежеу секілді мәселелерді шешуге тапсырмалар беруі халықтың сенімін ұялатты.
Ең бастысы, жыл басындағы «Қасіретті қаңтардан» сабақ алып, ел тәуелсіздігі, азаттығы бәрінен қымбат екенін естен шығармауымыз керек.
Салтанат Тұманбаева,
«Батыс Қазақстан облысы бойынша
«Болашақ» корпоративтік қорының директоры