ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында облыс әкімдерінен мобилді бригадаларды көлікпен уақтылы қамтамасыз етуді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Денсаулық сақтау ұйымдарында КВИ-мен ауырған 152 мыңға жуық пациент, оның ішінде 93% амбулаториялық және 7% стационарлық деңгейде емдеуді жалғастыруда. Бұл ретте, соңғы екі аптада инфекциялық төсектердің қамтылуы 31%-тен 38%-ға дейін немес 1,2 есе, реанимациялық төсектерді қамту 17-ден 23%-ға дейін немес 1,3 есе ұлғайды. Соңғы 10 күнде инфекциялық төсектердің толықтырылуының артуы Қостанай облысында - 2,3 есе, Шығыс Қазақстан облысында - 1,8, Жамбыл облысында - 1,7 есе, реанимациялық төсектердің Маңғыстау облысында - 7,2, Ақтөбе облысында - 2,8, Батыс Қазақстан облысында - 2,3 есе өсті», - деді Ажар Ғиният.
Оның айтуына қарағанда, дер кезінде медициналық көмек көрсету және ауыр науқастар санын азайту үшін халықтың арасында КВИ-ді өз бетінше емдеуге жол бермеу туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Ол үшін өңірлердің әкімдіктеріне мобилдік бригадалардың жеткілікті санын уақтылы бөліп отыруы керек. «Сырқаттанушылықтың өсуін ескере отырып, амбулаториялық деңгейде дәрілік препараттармен қамтамасыз етуді, дәріхана желісінде қабынуға қарсы және қызуды түсіретін дәрілердің болуын тұрақты бақылауға алған жөн. Бұдан басқа, барлық амбулаториялық деңгейдегі науқастарды диагностикалау және динамикалық байқаумен, оның ішінде қашықтан көрсетілетін қызметтерді, телемедицинаны кеңінен пайдалана отырып, МСАК ахуалдық орталықтарының жұмысын күшейту қажет», - деді министр.