1.02.2022, 12:30
Оқылды: 404

Ақсайда тегін өнер орталығы ашылды

Бөрлі ауданы Ақсай қаласында балалар мен жасөспірімдер үшін «Сапа» білім, өнер, спорт орталығы ашылды. Орталықтың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Алпамыс Көшкінбаев пен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Исатай Қарабаев қатысты.

сапа1

Алғысөз алған Алпамыс Жаңабайұлы: «Ауданымызда балаларымыз үшін осындай өнер орталығының ашылғанына қуаныштымыз. Келелі істің бастамашысы болып жүретін жастарды біз қуана қабылдаймыз. Алдағы уақытта осы өнер орталығынан аудан атын асқақтататын өнерлі балалар көптеп шығуына шын жүректен тілектеспіз»,- деді.

Естеріңізде болса, газетіміздің №4 санында балалар жылына арналған пікірлер тоғысында жас кәсіпкер Өрлен Бисенов «тегін үйірмеге шақырамын» деген болатын.

Міне, сол орталық биылғы Барыс жылының «Балалар жылы» деп жариялануы аясында өнерпаз өрендер үшін есігін айқара ашты. Аталған жоба балалар мен жасөспірімдерге арналған тегiн мемлекеттiк шығармашылық және спорттық тапсырыстарды каржыландыру бағдарламасы аясында қолға алынып отыр. Жоба еліміздегі бала құқықтары жөніндегі уәкілетті өкілі Аружан Саинның бастамасымен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асуда.

сапаа

-Орталықтағы түрлі үйірмелерге балалар тегін қатыса алады. Әзірге орталықта 150 бала бар. 4-17 жас аралығындағы 500-ге жуық баланы қамту жоспарда тұр. Көпшіліктің сұранысымен алдағы уақытта мұнда шахмат, футбол үйірмелерін ашу жоспарда бар. Қазір 5 шығармашылық, 3 спорт үйірмесі жұмыс жасайды. Олар актерлік шеберлік, классикалық және ұлттық би, эстрадалық вокал, домбыра, айтыс, көркемсөз, спорттың гір, бокс, волейбол түрлері бар. Сонымен қоса орталықта 8 қосымша білім беру педагогі жұмыс жасайтын болады»,- дейді орталық директоры Өрлен Ескендірұлы.

Жалпы ауданда бүгінде төрт қосымша білім беретін және спорт мектебі жұмыс жасайды. Айта кетейік, ауданда өнер, саз мектептерімен, мектептен тыс жұмыс орталығы, жас туристер стансасы және спорт мектебі балалардың қосымша тәлім алуына жұмыс жасайды. Түрлі шығармашылық үйірмелермен 2966 оқушы қамтылған. Ал спорт секцияларында 1272 бала жаттығады. Жалпы аудан мектептерінде 9300 бала білім алады.

Сәнім Меңдібай

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале