29 қаңтар күні «Ес кіргізер есті әндер» атты электронды альбом жарыққа шықты. Ән-жинаққа ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Парасат орденінің иегері, әнші Хатимолла Бердіғалиев пен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Айбар Хайырхановтың орындауындағы 22 ән топтастырылған.
Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының бастамасымен жарыққа шыққан «Ес кіргізер есті әндерді» тыңдарман қауым интернет жүйесіне қосылса болғаны, қалағанынша тыңдай алады.
– Филармония ұжымы әншілік өнерді халыққа насихаттау мақсатында электронды альбомды жарыққа шығарды. Айтыскер ақын, дәстүрлі әнші, жыршы-термеші, ұстазымыз Хатимолла Жәңгірұлының 70 жас мерейтойы қарсаңында тыңдарманға осындай тарту жасадық. Альбом үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімге халық әндері, қазақ композиторларының туындылары жинақталған. Мұнда Хатимолла Жәңгірұлы мен Айбар Хайырханов әндерді дуэт ретінде шырқайды. Екінші және үшінші бөлімде әншілер есті әндерді жеке-жеке Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен орындайды, – дейді Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының директоры Асхат Қажғалиев.
Бұл интернет альбом Youtube видеохостингіне жүктеліп, филармонияның интернет-сайтында және әлеуметтік желідегі парақшаларында халыққа ұсынылды. Хатимолла Бердіғалиев пен Айбар Хайырханов шырқайтан «құлақтан кіріп, бойды алатын» әсем әндер халықтың ән тыңдауға деген құлшынысын арттыра түсетіні анық.
– Альбомның жазылуына ерекше қолдау білдірген оркестр ұжымы мен оркестрдің көркемдік жетекшісі, бас дирижері, Құрмет орденінің иегері Еркін Нұрымбетовке, ән-жинақ шығаруды ұсынған филармонияның ақпарат бөлімінің жетекшісі Олжас Сейтімовке, дизайнер Халел Қазиевке және 1 сағат 5 минуттық бейнетоптаманы монтаждаған Сұлтан Ерболатқа алғысымыз шексіз. Электронды альбом алдағы уақытта диск түрінде жарыққа шығып, тұсаукесері өтетін болады, – дейді Асхат Тарасұлы.
Марлен Мәлікұлы,
zhaikpress.kz