Шыңғырлау аудандық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында ауданымыздың өткен жылы атқарылған жұмыстарының есептері тыңдалып, баға берілді.
Жиынды кеңес төрағасы Серікбай Жұмағұлов жүргізіп, оған аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова қатысып отырды. Өткен жылдың қорытындысына арналған комиссия отырысында ең алдымен аудан әкімі Әлия Биғазықызының жылдық есебі тыңдалып, талқыланды. Баяндама барысында аудан әкімі аудан халқының әл-ауқатын жақсарту, абаттандыру, газ, су, тұрғын үй турасында айтып берді. Әкімге сұрақтар беріліп, тұшымды жауаптар қайтарылды және әкімнің есебі кеңес мүшелерімен бірауыздан мақұлданды. Сондай-ақ ауданның алдағы жоспарларымен де танысып, көкейлерінде жүрген және ауылды одан әрі көркейтуге арналған ұсыныстарын қосуға мүмкіндік алды.
Осы кеңес отырысында жер қатынастары бөлімінің басшысы Қайрат Төлегеновтың хабарламасы тыңдалып, ауыл шаруашылық жер телімдерінің, соның ішінде бос жатқан жерлердің схемасын алға тартып, оларды игеру мәселелерін ортаға салды. Өткен жылдың атқарылған жұмыстарына тоқталды.
Кеңес отырысына есеп берген тағы бір мекеме - «ШыңғырлауКомтехСервис» болды. Жылдық есебімен таныстырған мекеме басшысы оның алдағы уақыттағы тағдырын да тілге тиек етті. Аталған мекемені жеке меншікке беру мәселесі тұрғысында комиссия мүшелерін хабардар қылды. Мекеменің жұмысы қашанда ырғақты жүргізілген, әйтсе де, ауыз су мәселесі әрі тұрғындардың бұл сұраққа түсінушілік танытпаулары, таза ауыз су үнемдеу мәдениетінің аздығы, қыс-күз айларында жол аршу, қардан тазартуда техника жетімсіздігі жөнінде көптеген қиындықтар бар екендігін айтты. Сондай-ақ осы кеңесте Шыңғырлау ауылдық округінің әкімі Әділ Қаражановтың да баяндамасы қаперге алынып, аудан орталығындағы «Целинный» көшесінің атауын өзгеру туралы хабарламасы тыңдалды және мақұлданды.
Айсұлу Муса,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz