2.02.2022, 11:50
Оқылды: 17

Депутаттар халыққа жақын болуы керек – Ерлан Қошанов

Халық сайлаған депутаттар ең алдымен өз сайлаушыларына жақын болуы керек. Бұл туралы Мәжілістің жаңа төрағасы Ерлан Қошанов Палатаның жалпы отырысының ашылуында айтты.

sphvtQ5OrvOILSx9E6iGFZmg2EHApeAYswdEJVXU

Мәжіліс төрағасы атап өткендей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «Жаңа Қазақстан» құру жолында Парламентке артылар жүк те, жауапкершілік те өте зор. Сондықтан осынау сындарлы кезеңде халық сенімінен шығып, Президент бастамаларын барынша қолдау – депутаттардың басты міндеті.

-Сайлаушылар тарапынан депутаттарға қойылатын талап та қашанда жоғары екендігін өздеріңіз білесіздер. Әсіресе, кешегі қаңтар оқиғалары еліміз үшін үлкен сын болды. Күн тәртібінде тәуелсіздігіміз бен мемлекеттілігіміздің тұтастығын сақтап қалу мәселесі тұрды. Елімізге қауіп төнген осы сын сағатта Мемлекет басшысы барлық жауапкершілікті өзіне алып, батыл шешімдер қабылдады. Президент халық қауіпсіздігі мен мемлекет мүддесі бәрінен биік екенін өз ісімен дәлелдеді. Ендігі жерде бұл талап, әсіресе біз үшін басты қағида болуға тиіс, - деді Ерлан Қошанов.

Оның айтуынша, бірінші кезекте Парламент жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуіміз қажет. Халық сайлаған депутаттар ең алдымен өз сайлаушыларына жақын болуы керек.

-Қоғамның үнін естіп, халықтың тілін түсіну және дер кезінде шаралар қабылдау – кез келген келеңсіздіктің алдын алу негізгі алғышарты. Сол себепті алдағы уақытта депутаттар корпусының азаматтық секторымен, БАҚ өкілдерімен, әсіресе өңірлердегі қоғам белсенділерімен тығыз байланысын одан әрі жандандырамыз. Бұл – Президент бекіткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын нәтижелі жүзеге асырудың басты ұстанымы, - деп атап өтті Мәжіліс спикері.

Ол жалпы отырыс кезінде Мәжілістің алдына қойылған жаңа міндеттерді табысты орындау үшін азаматтық қоғаммен қатар, мемлекеттік органдардың барлық тармағымен, соның ішінде Сенатпен, Үкіметпен, сот саласымен өзара тығыз қарым-қатынасты күшейту қажеттігін атап өтті.

 BAQ.KZ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале