Өткен аптада Ақжайық ауданында, «Құлагер» ат спорт кешенінде белгілі атбегі Болат Аткеев Ұлттық спорт түрлерін дәріптеу мақсатында жаппай көкпардан маусымашар өткізді. Оған Орал қаласынан бөлек Тараз, Ақтөбе, Атырау қалаларынан және Шыңғырлау, Жәнібек, Теректі аудандарынан ат құлағында ойнайтын балуандар қатысты.
Жаппай көкпардың бір ерекшелігі – қазандыққа салым салған әр ойыншы ұпайды өз атына жаздырады. Сондай-ақ ойында әркім өзінің күші мен қайратына, астындағы тұлпарының мықтылығына сенеді.
Маусымашар додаға 600 000 мың теңге және 2 тай тігілді. Сонымен жер-жерден келген айтулы көкпаршылар арасынан өзгелерден айласы мен шеберлігін асырған бірнеше жігіт салым салып, көрермен қошеметіне бөленді. Ал, жаппай көкпардың ең қызықты сәті – «Өгіз өлді» салымының бірін ақжайықтық шабандоз Жанаділ Ғазезов салып, жанкүйерлерін бір қиқулатса, екіншісі – атыраулық Орынғали Мұхиденовтың еншісінде. Көкпар сайысы көпшіліктің көңілінен шығып, ұлттық спортқа деген ынта-ықыластарын оятты.
Азамат Қанапия,
Ақжайық ауданы
Суретті түсірген автор
Zhaikpress.kz