4.02.2022, 11:30
Оқылды: 235

Ырымдарға сүйене отырып, балаға ат қойған қаншалықты дұрыс?

Жаңа туған нәрестеге есім беру қызықты да қиын іс. Есімнің мәні мен мағынасы  баланың келешек өміріне зор ықпал етеді. Қазіргі таңда балаға есім қоюда ырымдардың ойнайтын рөлі қандай?

ат қою

 

Жас сәбиді дүние есігін шыр етіп ашқан сәттен бастап алда сан түрлі қиын сынақтармен қоса өмірінің соңына дейін онымен бірге жүретін есімі күтіп тұрады. Қазақ халқы нәрестеге есім беру жасы үлкен ата-әжелердің міндеті деп санаған. Балаға есімді жайдан-жай қоймаған. Белгілі бір ырымдарға сүйене отырып, не болмаса отбасылық дәстүрді негізге алып есім берген. Ырымның кеңінен таралған түріне бір кісіге ұқсасын, сондай болсын деген ниетпен қойылған аттар жатады. Мәселен Абылайхан, Томирис, Алпамыс, Шыңғысхан, Махамбет секілді тарихта есімдері алтын әріптермен жазылған ұлы тұлғалардың аттары көптеп кездеседі. Бұл адамдар да көпшілік қауым сияқты бойындағы жақсы мен жаман қасиеттерін қатар арқалаған адамдар. Егер де балаңыз осы адамға ұқсап өскенін қаласаңыз, онда ол адамды жан-жақты зерттеп, әбден саралағаныңыз абзал. Қазіргі таңда бұл ырым біртіндеп маңыздылығын жоюда. Өйткені заманауи ата-ана нәрестенің өскенде жеке тұлғаға айналып, өмірден өз орынын табарына нық сеніммен қарайды. Ежелгі заманның кеңінен тараған тағы да бір ырымы - баланы өлім-жітім мен тіл-көзден аман болсын деген оймен түрлі жағымсыз есімдермен атауы. Оған Сасық, Қисық, Шоқпыт сынды құлаққа жағымсыз естілетін есімдерді жатқызамыз. Бірақ осындай атпен аталған адамдар ел арасында асқақ беделге ие болып, халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген. Оған қазақтың батыры Көтібар Бәсенұлын дәлел болады. Бұл ырым әлдеқашан өз құндылығынан айырылған. Себебі қазіргі адамдар ескі ырымға сенгеннен гөрі, медицина мен ғылымға арқа сүйегенді жөн санайды.

Бұрындары көптеген адамдар жаңа туған сәбиге қайтыс болған туған-туыстарының ұмытпауға және оларға құрмет көрсету үшін қойып жүрген. Зерттеушілердің айтуынша, балаға бақилық болған жандардың есімін бермеген дұрыс. Өйткені сәби сол адамның ғұмырын қайталап немесе жалғастыруы әбден мүмкін.

Сондай-ақ, отбасыда бірнеше қыз қатар туып, «ұрпақ қалдыруды» аңсайтын ата-аналар қыздарына «Ұл»-дан басталатын есімдер беріп жатады. Бұл сенімнің қашан, қайда, қалай пайда болғаны белгісіз болса да, кейбір жағдайларда осындай есімдерден кейін дүниеге ұл бала келеді. Статистикаға сүйенсек, Ұлжалғас, Ұлтумас, Ұлжан, Ұлболсын секілді есімдер 1990-1999 жылдары 13 803 қызға беріліпті. Десе де, ұрпақ қамынан бұрын бүлдіршін қыздың тағдырын ойлаған дұрыс деп есептеймін. Бұл ырым әлі де актуалды.

Өзіңіз көріп отырағандай, қазіргі таңда ырымдардың басым көпшілігі маңыздылығын жоғалтуда. Бәлкім, бұл дұрыс та шығар. Заман мен оның талаптары бір орында тұрмайды. Сол сияқты адам мен оның көзқарасы жиі өзгеріске ұшырайды. Бүгінгі күні жас отбасылар шет елдерге еліктеп, перзенттерін Амалия, Тахмина, Данэлия, Милана, Афиза, София сынды есімдермен атауда. Дүниеге қазақ баласы келгесін оған қазақша есім беру - ең алдымен оның өз ұлтына деген сүйіспеншілігін арттырады, бойына қазақилық дарытады. Дейтұрғанмен, адамдардың талғамын талқыға салып, саралайтын біз емес. Біздің міндет – ой салу.

Осы айтылған тұжырымдарды қорыта келе, балаңызға қандай ат қойсаңыз да, оның шығу тегін жан-жақты зерттеп, қысқаша айтқанда, жеті рет өлшеп, бір рет кескеннен кейін барып қойғаныңыз абзал. Өйткені нәрестені өмірі сіздің қолыңызда. Оның бақытты балалық шағы мен жарқын болашағының іргетасын сіз, яғни аты қалайды.

Мадина Ибрагим,

Дариян ауылы,

 Абай атындағы МГИ оқушысы

Сурет «Жаңақорған тынысы» сайтынан алынды

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале