6.02.2022, 12:20
Оқылды: 23

Сырым ауданында сүт өндіру қажет

Сырым аудандық мәдениет үйінің фойесінде ұлттық өнердің хас шебері Нұрболат Қабиевтің қолөнер бұйымдарын, ауылдық округ әкімдері ауыл-елді мекендердің даму жағдайы туралы, аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Саламат Хамидуллин аудан кәсіпкерлерінің сатып алған құрылғыларымен, саттыққа шығаратын өнімдерімен таныстырды.

IMG-20220206-WA0017
Ғали Есқалиев аудандық мәдениет үйінде өткен «Ауылдық елді мекендердің тұрақты дамуының жолдары» атты семинар-кеңеске қатысып, төрағалық етті. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуды, тәжірибе алмасуды мақсат еткен семинар-кеңеске Сырым, Қаратөбе, Шыңғырлау аудандарының әкімдері, орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері қатысты. Өңір басшысы Ғали Есқалиевтің кіріспе сөзінен кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов баяндама жасады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын толық алмастыруға қол жеткізу туралы тапсырмасына сай ішкі отандық нарықтық өнімдерді толықтыру жөніндегі кешенді жоспарлар жасақталды. Өңір халқын Батыс Қазақстанда өндірілген өніммен қамту бойынша жоспар жүзеге асырылады. Азық-түліктің 10 түрімен облыс өзін-өзі қамтып отыр. 5 азық-түлікпен 60 пайыз және одан жоғары қамтылып отыр. Тоғыз азық-түлік бойынша ішінара және толық тәуелділігіміз бар. Күріш және қант өнімдері біздің облыста өндірілмейді. Облыста жасыл және сүтті белдеуді жандандырып отырмыз. Жасыл белдеу – жеміс-жидекпен қамтамасыз ету Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Тасқала аудандары мен Орал қаласы аумағында жүзеге асырылады,-деген Арман Кәрімұлы сүт өнімдерімен өңірді қамтамасыз ететін үш ауданның бірі Сырым ауданы екенін атап өтті. Облыстың дүкен сөрелеріндегі сүттің 80 пайызы импортпен келіп отырғанын, сондай-ақ, жерді алып, игермей, пайдаланбай жүргендер өңірдің аргоөнеркәсібінің дамуына кедергі болып отырғанын айтты.
Жымпиты ауылдық округінің әкімі Мирам Қайырғалиев, «Байер Қаз» ЖШС-нің аймақтық өкілі, ауыл шаруашылық ғалымдарының кандидаты Алдаберген Нұғманов, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім басшысы Райса Еркеғалиева, «Шыңғырлау-1» ауыл шаруашылық кооперативінің төрағасы Нұрлыбек Қалиев, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Мақсотов баяндама жасап, өз саласы бойынша тәжірибелерімен бөлісті.
Семинар-кеңестен соң Сырым ауданы әкімі Төлеген Төреғалиев облыс әкіміне «Сырым» МКК-нің тарифтік смета бойынша шығындары туралы слайд көрсетті. Аудандық мәслихат депутаты, Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаева күрделі жөндеуден өткен қос қабатты музей ғимаратын заманауи жабдықтау үшін қаржы қажеттігін айтты.

Шынар Молданиязова, 

Сырым ауданы 

Zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале