Балалар жылына орай Орал қаласының білім беру бөлімінің мектептен тыс жұмыс орталығында «Текті елде туған тұлға көп» атты әдеби-сазды кездесу кеші өтті. Орталықтың тіл бағытындағы үйірмелерінің тәрбиеленушілері, педагогтер Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері, көрнекті ақын, қарымды журналист Ғайсағали Сейтақпен жүздесті.
– «Ақынын құрметтеген ел озады, ақынын сыйламаған ел тозады» демекші, ақынға қалай құрмет көрсетсек те, артықшылық етпейді. Қоғамды алға сүйрейтін ел ертеңі осы оқушылар Ғайсағали ағаның жырларының шуағына жылынып, елжанды, адамгершілігі мол азамат болып өссін, өнеге алсын деп кездесу ұйымдастырып отырмыз, – деді басқосуды ашқан орталықтың директоры Тілек Қуанышкереев.
Жылы шырайлы басқосуда ақынның ғұмырлы поэзиясын әнге айналдырып, көкке қалықтатқан сазгер, Д.Нұрпейісов атындағы балалар музыка мектебінің директоры Қуандық Мәдір ақынмен шығармашылық байланысы жайында тебірене әңгімеледі. «Поэзия оқыған адам ешқашан жамандық жасамайды. Жаныңыз құлазығанда, жұбанышты поэзиядан іздейсіз. Әдебиет көшіндегі Мұқағали бастаған көптеген ақынның, соның ішінде Ғайсағали ағамыздың жырларын бала кезден жаттап өскенбіз. Екінші сыныпта оқып жүргенімде Әбу Сәрсенбаев, Фариза Оңғарсынова сынды қаламгерлермен кездесуге барып, поэзияға деген махаббатым оянды. Облыстық газетте жарияланған Ғайсағали ағаның өлеңдерін іздеп жүріп оқитынмын. Кейін студент кезімде ақынды көргенімде, «тірі» ақын көрдік деп қуандық. Содан бері қаламгермен шығармашылық байланысымыз үзілген емес. Шығарған әндерімнің ұзын санын дәл айта алмаймын, бірақ шамамен 70 шақты десем, соның оны Ғайсағали ақынның сөзіне жазылған ән», – деген Қуандық Мәдір ақын өлеңдерін оқып, сүйсінтті.
Кездесу кешінде Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Наргиза Сүлейменова кеш қонақтарының шығармашылық әріптестігінің бір жемісі – «Жаңбырдан соң» әнін нәшіне келтіре орындады. Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының қызметкері Раушангүл Хамидуллина «Нарын деп соққан жүрегі...» атты кітап көрмесімен таныстырды. Басқосуда шәкірттер өлең оқып, жыр әлеміне енді, ақынның жүрегіндегі поэзия сазын тыңдады.
Айдыны бейне алтын нұр,
Аққуы қонған ғажайып.
Ақкөңіл менің халқымның
Арманы болған
Ақ Жайық! – деп ақын оқыған «Ақ Жайық» өлеңін балалар ұйып тыңдады.
– Биыл қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметованың туғанына 100 жыл толады. Небары 20 жасында Отанымызды қорғап, қыршын кетті.
Батыр апамыздың ерлігін мақтан етеміз. Мәншүктің әкесі Жиенғали, анасы Тойшылша болғанымен, оны немере туысы Ахмет пен Әмина асырап алған. Қазақтың тұңғыш дәрігерлерінің бірі, Алаш қайраткері Ахмет Мәметов 1937 жылы жала жабылып, халық жауы болып ұсталып кеткен. Мәншүк әкесін ақтау мақсатында өзі сұранып Ұлы Отан соғысына аттанған. Ол кезде әкесінің атылып кеткенін де білмеген екен. Осыған байланысты «Мәншүктің монологы» деген өлең жазып едім», – деген шайыр шабыттанып рухты өлеңін оқыды.
Оқушылардың сансыз сұрақтары аяулы ақынды бұйрат-бұйрат құм Нарында, қарағайлары сыңсып ән салған Хан ордасында қалған балалық шағына оралтқандай болды. Әсіресе Әбілмансұр Тарғын есімді шәкірттің: «Сізді анаңыз кім деп еркелететін?» деген сауалы тек қаламгерді ғана емес, қатысушы үлкендердің де естеріне ғазиз аналарын түсірді. Сәті түскен кездесу балаларға ұнады. Олар ақыннан қолтаңба алып, естелікке суретке түсті, бата алды.
Филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Баспа және полиграфия ісінің қайраткері Ғарифолла Әнес «Ақын бақыты» атты мақаласында: «Алашта ақын көп десек те, даңғайыр даламыздың түкпір-түкпірінде қоңыр тірлік кешіп, жырды жан азығы қылғандар саусақпен санарлық, Солардың бірі – жауҺар жырлары жеті кітабына жүк болған оралдық Ғайса-Ғали Сейтақ. Қасиетті Нарыны мен ақжарылқап Ақ Жайығын өлеңге өзек еткен талантты ақын», – деп бағалайды. Иә, жырсүйер қауымның сусынын қандыратын, жас ұрпақты елжандылыққа, көргенділікке тәрбиелейтін шайырдың жақұт туындылары мәңгілік екені сөзсіз.
Гүлбаршын Әжігереева,
zhaikpress.kz