Бірлік күні – еңселі егемендікке, бейбіт таңға деген тәубе мен құрметтің белгісі. Біз бұл мереке қарсаңында газет бетінде ынтымағы жарасқан Жымпитыдағы түрлі ұлт өкілдерін таныстырып жүрміз. Әйтсе де, бір ауылдың ауасын жұтып, бір көшеде тұрып жатқан, қазақтың өзіндей болып кеткен жанға «Сенің ұлтың бөлек!» деу де ыңғайсыз. Бәлкім, бірліктің берекеті де осы шығар. Бүгін біз жымпитылық Нұрлан туралы айтпақпыз. Даланың өз ұлына айналған Нұрекең- нағыз қазақ!
Даланың ұлы
Бүгінде ауыл шаруашылығы саласының дамуы ел экономикасының маңызды бөлігіне айналып отыр. Соның ішінде мал шаруашылығы – ауылдағы ағайынның өмір салтына айналған күн көріс көзі. Бұл салада табанды еңбек етіп жүрген жанұялар да аз емес ауданымызда.
Нұрлан Бахметов бар ықыласын осы салаға арнап, өз өмір жолын да осы шаруашылыққа құрбан еткен жан. Жымпиты ауылының тұрғыны 2004 жылы “Венера” шаруа қожалығын ашып, осы уақытқа дейін қожалықтың бейнетімен зейнетін қатар кешіп келеді.
Қыс бойы қорадағы ірі қара малдарын төлдетіп, айыр мен күректі серік етсе, ала жаздай шабындықта қысқы шөбін қамдап тер төгеді. Нұрлан Мұратұлы үшін жылдың әр күні бағалы, әр күні-еңбек күні. Күзгі қарбалас уақытында жаздай шауып, буған мал азығын қорасына және ауылдағы ағайынға да жеткізіп жатады. Қыс бітіп, мал ауызы көкке іліксе балаша қуанып, түліктері әлде бір сырқатпен ауырса өзі де бірге ауырады. Яғни, Нұрлан өз саласы үшін жаратылған жан.
Қорадағы мал жазғы жайлауға кетті.Шабындық маусымына дейін де әлі біраз күндер бар. Алайда, арқаны кеңге салып, түске дейін керіліп, кешке дейін есінейтін Нұрлан қайда?! Даңғайыр далада шабындық алқабын электр шарбақпен қоршау, қала берді трактор агрегаттарын майлап, шабындықтың жарақтарын сайлап тірлік ету де шаруа емес пе?!
Кейіпкеріміздің бұл еңбек жолын бірге кешіп жыл он екі ай қасында ақылшысы да, көмекшісі де болып жүрген Әнуар есімді ағасы бар. Әнуар да інісіндей еңбектің адамы. Сондай-ақ Нұрлан қайда жүрсе де үйде тілеуін тілеп отырған Галина есімді аяулы анасы, ауданымызға белгілі кәсіпкер, “Дильназ” дүкенінің иесі Венера есімді әпкесі, Асылханым есімді адал жары бар.
Шаруагер осы еңбекқорлығымен өзінің Дильназ, Нұргүл, Ринат, Рифат, Нұржан есімді ұл-қыздарына үлгі болып, болашақ тұлғаларды тәрбиелеп келеді.
Қоңдыкер Елеуов
Сырым ауданы