30.04.2026, 17:00
Оқылды: 9

БҚО-да сұйытылған мұнай газын тұтыну көлемі артты

Батыс Қазақстан облысында 111 автогаз құю станциясы болса, соның 52-сі Орал қаласында, 59-ы аудандарда орналасқан, - деп жазады kaz.inform.kz

жп заправка гелиус

БҚО энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Қонысбаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, кейінгі жылдары инфрақұрылым жүйелі түрде кеңейіп келеді. Мысалы, 2023 жылы облыста 99, 2024 жылы 109 автогаз құю станциясы болған еді.

Мұрат Кеңесұлының сөзіне қарағанда, өңірде сұйытылған мұнай газын тұтыну көлемі де артып отыр. Егер 2023 жылы 55 мың тонна болса, 2025 жылы 66 мың тоннаға жетіп, 20 пайызға ұлғайды.

– Газ мотор отынын пайдаланатын автокөлік құралдарының саны 31,8 пайызға көбейіп, 28 мыңнан асты. Соған байланысты сұраныс та өсіп отыр. 2024 жылдан бастап өңірді негізінен «Жайықмұнай» ЖШС қамтамасыз етеді, онда «Рожковское» кен орнынан алынатын шикізат өңделеді. Қосымша «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС мен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ тартылған, - дейді М.Қонысбаев.

Ол жекелеген елді мекендерде жеткізу логистикасына және жаңа кен орнындағы ағымдағы өндірістік үдерістерге байланысты қысқа мерзімді іркілістер болуы мүмкін екендігін айтты. Дегенмен өңірде сұйытылған мұнай газының жүйелі тапшылығы күтілмейді. Жағдай толық бақылауға алынған.

Басқарма деректеріне сәйкес сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз етуді тұрақтандыру мақсатында бірқатар шара қабылданған. Атап айтқанда, 2026 жылдың II тоқсанына жеткізу көлемі 13 204 тоннаға дейін көбейтілді. Орташа айлық лимит 3 500 тоннадан 4 600 тоннаға дейін көтерілді. Жеткізушілермен және қайта өңдеу кәсіпорындарымен өзара іс-қимыл күшейтілді.

– Жеткізілім көлемін ұлғайтуға көшу алдағы мамыр айынан басталады. Баға белгілеу бөлігінде мемлекеттік реттеу қолданылады. Шекті бөлшек сауда бағасы литріне 85 теңгеден, ал шалғай аудандар үшін 90 теңгеден келеді. Біздің негізгі міндетіміз – халықты тұрақты түрде қамтамасыз ету және нарықта бағаның күрт ауытқуына жол бермеу, - деп қосты басқарма басшысының орынбасары.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале