Бүгін Сырым ауданында дәстүрлі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінің 2026 жылғы маусымы салтанатты түрде ашылды.

Жәрмеңке сахнасында Жұмагелді Батырниязов тұрғындарды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен және ел ішіндегі еңбеккерлердің берекелі саудасының сәтті басталуымен құттықтады.
– Жәрмеңке – даланың дәстүрі, еңбектің мерекесі. Бұл жерде маңдай термен келген өнім халыққа тікелей жол тартады. Біздің мақсат – тұрғындарға табиғи әрі сапалы өнімді қолжетімді бағамен ұсыну, ал шаруаларға өз тауарын делдалсыз сатуға жағдай жасау, – деді аудан әкімі.

Малдың ауызы көкке, адамның ауызы аққа тиіп жатқан мамыражай шақта 12 ауылдық округтен келген еңбеккерлер сауда қатарларын аққа толтырды. Сүт, ірімшік, құрт, айран, қаймақ пен сарымай сөрелерге самсап қойылды. Қаймақтың литрі 2500 теңгеден, ал майдың литрі 6000–7000 теңгеден сатылды. Аналар мен келіндер зауза майына алдын ала тапсырыс қабылдап жатты.
Сондай-ақ үй тауығының жұмыртқасы 80 теңгеден, еттің келісі 3500 теңгеден ұсынылды.
Бүгінгі жәрмеңкедегі ең өтімді тауарлардың бірі гүл өскіндері мен ағаш көшеттері болды. Тұрғындар үйеңкі, көктерек, тал көшеттерін, сондай-ақ шие, алмұрт, алма секілді жеміс ағаштарын көптеп сатып алды. Көктерек көшеті 1000 теңгеден, ал бағаналы алма 4000 теңгеден сатылды. Қызғалдақ тұқымы 200 теңгеден ұсынылса, құмырадағы көктеген гүлдер одан қымбаттау бағамен өтті.

Жәрмеңке апта сайын жалғасады. Берекелі базар алдағы уақытта да халық пен еңбек адамын табыстыратын игі алаң болмақ.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы