30.04.2026, 20:00
Оқылды: 2

Республикалық эко-сағат: Суды үнемде, болашақты сақта!

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Суды үнемде, болашақты сақта» атты республикалық эко-сағат өтті.

08d40704-5b77-4451-a79e-cf0956cead2c

Шараға ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Цифрландыру департаментінің директоры Ердәулет Жұмат, Батыс Қазақстан облысы бойынша «Қазсушар» филиалы директоры Рауан Хусаинов, Жайық-Каспий бассейндік су инспекциясы басшысының орынбасары ҚанатӨтеғалиев және университеттің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов, профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылар қатысты.

Эко-сағатты Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырманы орындау мақсатында ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі ұйымдастырды. Басты мақсат – тиімді су тұтыну туралы білім деңгейін арттыру арқылы студенттердің су ресурстарына саналы әрі жауапты көзқарасын қалыптастыру.

Жәңгір хан университетінде өткізілген іс-шараға онлайн форматта өңіріміздегі Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің, Батыс Қазақстан инновациялық технологиялық университетінің, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялар жүйесі университетінің, Жоғары аграрлық-техникалық колледжі және Жоғары инженерлік-технологиялық колледжінің студенттері қосылды.

Алдымен сөз алған БҚАТУ ректоры Асқар Мырзахметұлы Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында айтылғандай, суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру – ақпараттық-идеологиялық жұмыстың айрықшабағыты екенін ерекше атап өтті. Суды үнемдеу мәдениетін қалыптастырудағы ақпараттық-түсіндіру және идеологиялық жұмыстардың маңыздылығына тоқталған ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Цифрландыру департаментінің директоры Ердәулет Маратұлы өз баяндамасында су тәуелсіздігі және сын-қатерлер, салаға қатысты негізгі құжаттар, су шаруашылығы инфрақұрылымдарын жаппай жаңғырту, су экожүйелерін сақтау, ауыл шаруашылығына және өнеркәсіпке суды үнемдеу технологияларын енгізу туралы әңгімеледі. Сондай-ақ су ресурстарына ұқыпты көзқарас қалыптастыру қажеттігін айтып, «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы шеңберінде атқарылған жұмыстарға да назар аудартты.

photo_5447327470316100054_y

Бұдан әрі осы салаға қатысты мекеме өкілдері өңіріміздегі суару-суармалау жүйесіндегі суды үнемдеу шаралары, облысымыздағы су көздері, суды үнемдеп пайдалануға қатысты ақпараттармен бөлісті.

Жәңгір хан университетінің ғалымы, профессорСәрсенбек Монтаев табиғи сорбенттер негізіндегі модульді су айналымды жүйелерін енгізу арқылы су тұтынуды азайту бағытындағы ғылыми ізденістері туралы баяндады. Университет ғалымдары жерасты сулары мен техникалық суларды жергілікті модификацияланған сорбенттерді қолдану арқылы тазарту технологиясын әзірлеген болатын. Басты мақсатоларды шаруашылыққа және тұрмысқа пайдалануға қолжетімді ету. Бұл мәселені шешудегі тиімді әдістердің бірі – суды арнайы сорбенттер арқылы сүзгіден өткізіп, оның құрамындағы кермектілігі мен тұздылығын азайтып, пайдалануға жарамды деңгейге жеткізу. Сәрсенбек Әлиакбарұлы өзінің баяндамасында аталған ғылыми жоба туралы егжей-тегжейлі айтып өтті. Жуырда Мемлекет басшысының қолынан жоғары мемлекеттік марапат алған ғалым-ұстаз Президенттің алдында сөйлеген сөзінде де ел экономикасын дамытуға септігін тигізетін осындай жобалар туралы айтып өткен еді.

Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде 2025 жылдан бастап «Гидромелиорация» білім беру бағдарламасы бойынша талапкерлер оқуға қабылданып, жоғары оқу орны су шаруашылығына қажетті білікті мамандар даярлау ісіне кірісіп кетті. Аталған білім беру бағдарламасының жетекшісі, профессор Марат Оңаев бүгінгі таңда 1-курста 80-нен астам студент осы бағдарлама бойынша оқып жатқанын айтты. Салаға қажетті кәсіби мамандар даярлау ісіне қатысты Президенттің тапсырмасына Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының әкімдіктері де бей-жай қарамай, арнайы оқу гранттарын бөлген. Марат Қайырлыұлы университет сапалы кадрлар даярлау мақсатында білім алушыларды жоғары деңгейлі өндірістік тәжірибеден өткізу үшін су саласына қатысты бірқатар мекемелермен келісімшартқа отырғанын да жеткізді.

Жиын барысында «Гидромелиорация» білім беру бағдарламасының студенті Абылай Үмбетырза суды үнемдеуге байланысты өзінің ой-пікірін ортаға салды. – Суды үнемдеу – бұл өтпелі науқан емес, тұрақты өмір салты. Әр отбасы қарапайым ережелерді сақтап, айына 5–7 текше метр суды үнемдей алады. Бұл республикалық масштабта миллиондаған текше метрге тең, – деп, нақты мысалға жүгінді.

photo_5447327470316100156_w

Іс-шараның соңында белсенді қатысушылар ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі атынан Алғыс хаттармен марапатталды. Республикалық деңгейде ұйымдастырылған эко-сағат «Суды сақтаған ел – болашағын сақтаған ел» деген идеямен түйінделді. Іс-шарадан соң меймандар Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музейін аралап, содан кейін университеттің ғылыми-зерттеу зертханаларының жұмысымен танысты.

БҚАТУ баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале