Теректі ауданы, Подстепный ауылдық мәдениет үйінде кітапсүйер оқырманның басын қосқан іс-шара өткізілді. Оқырмандар жазушы-журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі және «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллиннің “Биленбеген вальс” атты кітабын талқылауға жиналды.

AMANAT партиясы БҚО филиалының қолға алған жобасы, кітапсүйер оқырманды тоғыстырған “Әр парақ -AMANAT” оқырман клубының кезекті отырысы Подстепный ауылдық мәдениет үйінде әдеби кештің арнайы қонағы Бауыржан Файзоллаұлының қатысуымен өткізілді.

Жергілікті басқосу ұйымдастырылуының бастамашысы - Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Арман Сағидоллин. Кездесу барысында “Биленбеген вальс” кітабының оқиғалар желісі бойынша сұрақтар қойылып, оқырмандар өз ойын жеткізіп, алған әсерімен бөлісті. Жүздесу аясында автормен пікір алмасып, шынайы өмірдегі болған оқиға жайында әңгіме өрбіді.
Сонымен қатар мәдени кездесуде Әдебиетшілер үйінің шәкірттері шығарма желілеріне негізделген суреттерін таныстырса, облыстық дарынды балаларға арналған Абай атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары ақынның туындысынан өлең оқып, оқырманды поэзия әлеміне орады. Автор шығармасы шабыт сыйлаған әсем ән де көрермен назарына ұсынылып, рухани жүздесудің ажарын кіргізді.

Жиын барысында жазушы қолтаңбасы қойылған кітаптар белсенді оқырмандарға табысталды. Отырыс соңында кеш қонағы Бауыржан Файзоллаұлы клуб мүшелерінің кітапқа деген шынайы қызығушылығына ризашылығын білдіріп, сөз сөйледі. Өз кезегінде туынды авторы кітап оқудың маңызын атап өтіп, “Кітап оқуды насихаттау - ең ұлы миссия” екенін жеткізіп, сөзін түйіндеді.

Атап өтейік, бұл аталмыш оқырмандар клубының 6-отырысы. Алдағы уақытта клуб мүшелері кезекті кітапты таңдап, келесі жиындарға дайындалатын болады.
Қаламқас Аманжолқызы,
Теректі ауданы