Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Эмпатиядан сенімге: педагогикалық тәжірибелер трансформациясы» Х аймақтық сы өтті.

Биылғы конференцияның басты ерекшелігі — білім беру процесінде тек академиялық нәтижеге ғана емес, баланың жанын ұғынуға, мұғалім мен оқушы арасындағы сенім мен психологиялық қауіпсіз ортаны қалыптастыруға басымдық берілді.
Форумның шымылдығы постер-сессиямен ашылды. Әр тараптан келген мұғалімдер қауымы тақырып аясында педагогикалық шеберліктерінен туған заманауи әдістерін әріптестеріне ұсынды.

Аталған іс-шараға Орал өңірінің педагогтер қауымымен қоса, Татарстан Республикасы, Атырау, Ақтөбе, Ақтау, Қызылорда, Тараз, Шымкент, Түркістан, Павлодар, Көкшетау қалаларының ұстаздары қатысты. Офлайн және онлайн форматта өткен ауқымды шара барлығы 400-ге жуық мұғалімді қамтыды.

Конференцияның пленарлық отырысы Орал қаласындағы NIS директоры Жұлдыз Турганалинаның «Білім берудегі эмпатия: аңыз бен шындық» тақырыбындағы алғы сөзімен басталды. Мектеп басшысы баламен жұмыс істеуде мұғалімдерге қажетті жаңашыл мәліметтерді жеткізді. Арнайы қонақ ретінде шақырылған белгілі тележурналист, Ақпарат саласының үздігі Гүлназ Әлімгерей «Ақылыңды мейірімге орап бер...» тақырыбында ата-ана ретінде өзіндік тағылымды тәжірибесімен бөлісті. Білім беру ісінің сарапшысы Руслан Қаратабанов «Білім беру ортасын жобалаудағы сенімділіктің деомпозициясы» тақырыбында құнды мәліметтер айтып, жаңашыл тәсілдерін ұсынды. Назарбаев Университетінің докторанты Ақсұлу Құлмағамбетова «ХХ ғ. Басындағы қазақ қоғамындағы білім беру көзқарастарының трансформациясы: себептері, салдары және әсері» тақырыбында орамды ойларын білдірді.

Конференция Орал қаласындағы NIS педагогтері мен тірек мектептері мұғалімдерінің «Педагогикалық дуэт» фестивалімен және түрлі терең тақырыпты қозғаған 8 түрлі секция бойынша жалғасты.
Кезекті дәстүрлі конференция педагогтер үшін тәжіриби алмасу және кәсіби өсу алаңы, ал білім беру жүйесі үшін – гуманистік құндылықтарға негізделген жаңғыру қадамы болғаны сөзсіз.
Конференция соңында үздік жұмыстар бағаланып, жүлдегерлер марапатталды.
Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі