Бейжің Олимпиадасының нышандары белгілеген кәдесыйлар дүкендерде таусылып қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат қытайлық ақпарат көзіне сілтеме жасап.
«Осыған орай 8 ақпанда Шығыс Қытайдың Цзянсу провинциясындағы Цидун қаласындағы лицензиясы бар зауытта жұмысшылар Bing Dwen Dwen тауарларын өндіруді жеделдетті» делінген хабарламада.
Бейжіңдегі 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының бойтұмары Бинг Двен Двен миллиондаған жанкүйерлердің жүрегін жаулап, үлкен сұранысқа ие болған.
Әрине, Бейжің Олимпиадасына барған әрбір азамат өзіне Олимпиада белгісі бар естелік бұйым сатып алатыны анық.
Бүгінгі таңда кәдесый алуға жергілікті тұрғындар да жаппай кірісіп кеткен.
Сол себепті дүкендердің алдында ұзын-сонар кезектер пайда болған.
Бейжіңдегі Қысқы Олимпиада ойындарының ұйымдастырушылары сейсенбіде Bing Dwen Dwen қуыршағының қытайлық жаңа жылдық арнайы нұсқасы жақын арада нарыққа шығады және лицензияланған тауарлардың сатылымы кем дегенде маусым айының соңына дейін жалғасады деп мәлімдеді.