9.02.2022, 11:30
Оқылды: 51

Ауыз су тартылады, амбулатория жөнделеді  Енді ұялы байланыс болса...

- Биыл Бұлан,Жамбыл елді мекендеріне «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында ауыз су құбырын тарту жұмыстары басталады. Конкурс өткізіліп, жобаны орындайтын мердігер анықталды. 2022 жылы қос ауылға таза су келеді. – деді Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев Бұлан ауылдық округіндегі есептік жиында.

IMG-20220209-WA0018

Тағы бір жақсы жаңалық, биыл Бұлан ауылдық округінің орталығындағы фельдшерлік – акушерлік пункттің күрделі жөндеуден өтуі бек мүмкін. Сырым аудандық ауруханасының басшысы Роза Тахамбетованың айтуынша, биыл Сырым ауданы бойынша Көгеріс және Бұлан ауылдарындағы медицина мекемелері күрделі жөндеуден өтеді деген жоспар бар. Қос нысан бойынша жобалық сметалық құжаттар дайын. Облыстық мәслихат жобаларды мақұлдап, жүзеге асыру үшін қажетті 72 269 994 теңге қаржыны бөледі деген үміт бар. Бұлан ауылына кіре беріс 2 км жолды реконструкциялау жұмысы да күн тәртібінде тұр. Жобалық – сметалық құжат жасақталып, қаржы көзі қарастырылуда.

IMG-20220209-WA0017

Округтің дамуы мен алдағы міндет – межесі жайлы әкім Мұрат Әділгереев баяндама жасады. Бұлан – шаруасын шашпаған ауыл. Бүгінде елдегі еңбекші жұрт мал тұқымын түрлендіруге және бақша ісін ілгерілетуге мейлінше көңіл бөліп отыр. Мал басын асылдандыру бағытында «Жаңаталап», «Тоқмырза», «Абдул-Карим», «Солих», «Меңдібай» шаруа қожалықтары асыл тұқымды бұқа алған болса, «Берекет» қожалығы  Беларусь елінен гольстенский тұқымды 120 бас қашар әкеліп, өсіруде. Былтыр «Мұса» шаруа қожалығы 16 га жерге бақша егіп, алған өнімін ауыл тұрғындарына сатты.

Есептік жиналыста ауыл мұғалімі Серік Зиятов мал жайылымының тапшылығы, көпір бойына мал өтуі үшін белгі қою, ауыз суды үнемдеп, техникалық суды пайдалану, жарықтандыру, ауыл қоғамына дербес ұстаным – пікірі бар азаматтық белсенділерді тарту, жергілікті маңызы бар бірқатар мәселелерге тоқталды. Округте тұрақты учаскелік полиция инспекторының болмауын «Жедел жәрдем» көлігінің тозығы жетуін, соның ішінде аудан орталығынан 12 шақырым ғана қашықтықта тұрған округте ұялы байланыс мәселесі әлі күнге шешімін таппауын өзекті деп санаса болады.

Округ әкімінің сөзіне қарағанда, Бұлан ауылын  ұялы байланыспен қамту мақсатында  жеке кәсіпкер  О.Жаксымбетов өз қаражатына мұнара тұрғызып, құжаттары толық рәсімделгенмен, байланыс компаниялары құрылғыларын әлі күнге орнатпай отыр. Жамбыл ауылына жеке қаражат есебінен ұялы байланыс мұнарасын тұрғызу мақсатында 100 шаршы метр жер берілген. Жұмыс әлі басталмаған.

IMG-20220209-WA0015

Жиынды Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қорытындылап, негізгі сауалдарға жауап берді.

Бауыржан Ширмединұлы, 

Сырым ауданы

 zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале