Бүгін Бейжің Олимпиадасында әйелдер арасында шаңғы жарысынан классикалық стильден 10 шақырымдық бәсеке өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған додада ел намысын Валерия Тюленева, Ксения Шалыгина, Ангелина Шурыга және Надежда Степашкина бастаған төрт шаңғышы қорғады.
Өкінішке қарай аталған қашықтықта жерлестеріміз мәре сызығын үздік нәтижемен кесе алмады.
Нақтырақ айтсақ, Ангелина Шурыга жарысты 52-орынмен аяқтаса, одан кейін Ксения Шалыгина мәре сызығын 53-ші болып кесті.
Надежда Степашкина мәреге 57-ші болып келді. Валерия Тюленева 59-орынды қанағат тұтты.
Шаңғы жарысынан классикалық стильден 10 шақырымдық бәсекенің бас жүлдесін норвегиялық шаңғышы Терезе Йохауг жеңіп алды.
Екінші және үшінші орындарды Финляндия спортшылары Кертту Нисканен мен Криста Пермякоски қанжығасына байлады.