11.02.2022, 9:10
Оқылды: 101

«Атымды әкем қойған»

«Ауыл» партиясы БҚО филиалының төрағасы Мынатаубиік Әнесовті облыс жұртшылығы жақсы таниды. Төраға есімін естіген адам алғашқы сәтте таңырқап қалатыны рас. Қоғамды іс-шаралардың белортасында жүретін ақсақал ерекше есімді әкесі қалай қойғанын әңгімеледі.

InShot_20220211_010803866

– Әкемнің аты-жөні – Таупиық Әнесов. 1942 жылы қан майданға аттанып, бес жылдан кейін аман-сау елге оралған. Өте сауатты, өнерлі, ақынжанды адам болған екен. 1950 жылы анамыз екеуі бұрынғы Орда ауданында шаңырақ көтерген. Ал Әнес қарттың зайыбы, әжем Балқия өте өр, бір жағынан салқам кісі болыпты. Шешемнің аяғы ауыр кезінде әкем «Асыл жарым ұл тапса, есімін «Мынатаубиік» деп қоямын» деп достарына айтып отырады екен. Бірақ анам босанғаннан кейін Балқия әжем келіп, «Әйелің ұл емес, қыз туды!» деп қойып қалады. Баласының өрекпіген көңілі су сепкендей басылған. Ол кезеңде де ел-жұрт салт-дәстүрге берік қой. Қым-қуыт шаруа да бастан асып жатады. «Үлкен тұрғанда кіші сөйлегеннен без» деген ескі қағида да бар. Әжем адуынды, өткір адам болған соң сәби жөнінде ешкім тіс жара қоймаған секілді. Бала қырқынан шыққан соң әжем құндақтағы сәбиді әкемнің қолына ұстатып, ұл екенін сол жерде айтады. Әкемнің достарымен думандатып отырған кезі екен. «Есімін өзім қоямын» дейді қуана дауыстап. «Еее, соғыстан аман-есен оралдың ғой, сәби атын өзің қойсаң, қоя ғой» деп әжем де келісімін береді. Әкем көпшіл, ақжарқын мінезді адам болған. Жолдас-жорамен биік бір төбеде бас қосып тұрады екен. «Мына таудай биік болсын» деген лебіз де жатқан шығар астарында, содан перзентіне «Мынатаубиік» деп ат қоюға ұйғарады. Өте сауатты болғанын айттым ғой, әкем кеңсе құжаттарын жазумен айналысатын. Жазу мәнері әдемі, анық, өте ерекше еді. Туу туралы куәлігіме «Мынатаубиік Таупиықович Әнесов» деп өзі жазады. Есімсой астарына үңіліп, ой жүгірте бермейміз ғой. Уақыт өте, зер салсам, перзентін бір жағынан «Мына Таупиық» деп атағанын қош көрген секілді. Мұқият көңіл бөлген кісі осы ерекше ұқсастықты бірден аңғарады. Бала күнімде мені еркелетіп «Мәнөк» деп атады. Әкемнің соғыстан оралған Қадыр деген ағасының баласының аты Сатыбалды еді. Оны бәрі «Сәтөк» деп шақыратын, – деп әңгімеледі Мынатаубиік Әнесов.

Өмір белестерінен өткен сайын ақсақал есіміне байланысты түрлі қызықты жайттарға куә болады. Ағайын-тума, дос-жаран, нағашылары әлі күнге «Манатау» деп атағанды қолай көреді екен. Мектепте, институтта оқыған кезде, жұмысқа орналасқан уақытта Мынатаубиік Әнесов аты-жөнін құжат бойынша өз қолымен жазып беретін болған. Көп жағдайда есімін сұратқан адам қате жазып қояды екен. Студент күнінде шымыр денелі, әбжіл қозғалатын  жас жігіт күреспен біркісідей шұғылданған. Жаттықтырушылар бозкілемге «Марат Әнесов!» деп шақыратын болған соң, барлығы сол кезеңде «Марат» деп атап кетіпті. «Қазақ халқы адам есіміне ерекше мән береді ғой. Даналықтың бір белгісі – перзентке жақсы ат қою. Есімімнің ерекше болуы қызмет сатысында өсуіме де әсер етіп отырды. Әкемнің көзін көргендер аты-жөніме бірден елең етіп, жылыұшырай сөйлесетін. Өмір белестерінде кейбірі маған қолдау білдіріп, арқамнан қағып, қамқорлық танытқаны бар. Асқар тау, ардақты әкемнің осындай ерекше есім қойғанын мақтан тұтамын. Бір қызығы, шаңырақ көтерген жұбайымның аты – Рая. Менің есімім өте ұзақ болса, оның аты – ең қысқа есімдердің бірі», – дейді кейіпкеріміз.

Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале