11.02.2022, 9:50
Оқылды: 270

Ән әлеміндегі Әл-Фараби

9 ақпан күні эстрадада шырқалып жүрген көптеген әндерге сөз жазған, өнер әлемінде өзіндік биігі бар қызылордалық Әл-Фараби Бекарысұлы Казталов ауданының Қосөзен еліне сапар шегіп, аудан халқына тегін шығармашылық кешін өткізді.

IMG-20220211-WA0007

«Найзағай болып», «Әппағым»,«Үмітім менің», «Әке-анашым» секілді бірқатар әндердің авторы Әл-Фараби Бекарысұлы Қызылорда облысының, Шиелі ауданының тумасы. Әнші-сазгер. Ол Жайық өңіріне екінші мәрте келіп, тек облыс орталығына ғана емес, Казталов ауданына да табан тіреп, өнерсүйер қауымды әсем әндерімен сусындатты. Аудан орталығындағы С.Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығында әншінің шығармашылығына терең бойлаған халықтың көңілі жайланып, рухани азық алды. Әл-Фараби өз әндерінің тарихы жөнінде баяндай отырып, бірде баянмен сүйемелдеп, енді бірде эстрадалық нұсқада шырқап отырды. Сондай-ақ кейбір әндерін ауданымыздың өнерпаздары шырқады. Әншінің қолындағы ақ баянын жерлесіміз, көктеректік өнер жанашыры Нұрлан Рахымжанов Ресейге арнайы тапсырыс беріп, жеті ай дайындалған музыкалық аспапты 8 ақпан күні Қадыр Мырза әлі атындағы орталықта өткен шығармашылық кешінде табыстады. Сол ақ баянымен алғаш орындаған әні -  «Ұлыма хат».

IMG-20220211-WA0008

- Ақжайықтың төрінде, облыс орталығындағы кеште осы баянды сыйға тартқан кезде кезде жүргізуші «Армандаған ақ баяныңыз қолыңызға тиді, бірінші айтар әніңіз қандай?» деген еді. Менің осы күнге жетуіме әуелі Алла, себепкер ата-анам ғой. Әке-шешем баянист болды. Әкем оқымаған, есту арқылы тартады, ал анам өте сауатты болды. Сол анамның маған арнап жазған өлеңі бар еді, «Ұлыма хат» деген. Анам сегіз жыл қатарынан ауруханада жатты. Жылына бір мәрте үйге келетін-тұғын. Біз ол кезде әкемізден «анамызды қашан әкелесіз?»  деп сұрайтынбыз. Анамды сағынып жүрген кезде, маған арнап жазған өлеңі, «төрт қыздың ішіндегі бір шыбығым» деп көңілге медеу болатын. Анам мені «ақ Фарабиым» деп еркелететін еді. Сол ақ Фарабиы, Ақжайықта, ақ адал көрерменнің алдында, аппақ баянымен сол әнді орындасын, - деп сыр шертті әнші.

IMG-20220211-WA0006

Шығармашылық кеште шырқалған әр әннің тарихы баяндалып, рухани ой салатұғын дүниелер айтылды. Сонымен қатар әнші өзі құрметтейтұғын әнші-сазгер Табылды Досымовтың және көрермендердің сұрауымен Шәмші Қалдаяқовтың әндерін шырқады. Жанды дауыста, баянның сүйемелдеуімен шырқалған әуезді әндер қалың елге түрлі ой салғаны анық.

«Жұрттың жұлдызы шығыстан жарқыраса, менікі батыстан жарқырайтын болды ғой» деген әнші «Оралға сағыныш» деген әнімен кешті қорытындылады.

Кеш соңында Казталов ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова әнші мен жеке кәсіпкер Нұрлан Рахымжановқа аудан әкімінің алғысхаты мен естелік сыйлығын табыстады.

Сондай-ақ, аудан жұртшылығы атынан өнер иесіне тұлпар сыйға тартылып, халық «Достық» саябағында атқа міну рәсіміне куә болды. Әншінің шығармашылық кешіне «Өтеп» ШҚ жетекшісі Өтепберген Бекжанов, жеке кәсіпкерлер Абат Малаев, Дулат Рахматуллин, Абылайхан Шакуов, Нұрлан Рахымжанов қолдау көрсетті.

IMG-20220211-WA0004

Әншінің шығармашылық кеші Жалпақтал, Көктерек ауылдарында да өтеді.

Асылбек Нәсіпқали, 

Казталов ауданы 

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале