11.02.2022, 10:20
Оқылды: 37

Мәселе ретімен шешілмек

Облыс орталығына жақын орналасқан Бәйтерек ауданындағы Трекин ауылы – күн санап өсіп жатқан елді мекендердің бірі. Жуырда өткен ауыл және аудан әкімдерінің аталмыш ауыл халқымен болған кездесуінде де осы жайт ерекше айтылды. 

Трекин (2)

Округ әкімі Мәлік Сейітов өз сөзінде ауыл халқының саны 6392 жанға жеткенін атап өтті. Өткен жылмен салыстырғанда аула саны да артқан.  Елбасының «100 нақты қадам» ұлт жоспарының 98-қадамында ауылдық округ, ауыл, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізілген болатын. Былтыр Трекин ауылының бюджеті 52 миллион 863 мың теңгені құраған. Оның нобайы, атап айтар болсақ, 30 миллион 202 мыңы қызметкерлер жалақысын құраса, кеңсе тауарларын алу, жанар-жағар май, коммуналдық төлемдер, ақпараттық бағдарламалар жұмысын қамтамасыз етуге бес миллионнан астам ақша жұмсалған. Одан бөлек,округ елді мекендерін абаттандыру, санитарлық тазалығын қамтамасыз ету,көшелерді жарықтандыру жұмысына да ауыл бюджетінің қаражаты жұмсалған.

Трекин (1)

-Ауыл бюджетіне бөлінген қаражат есебінен Новенький елді мекеніндегі көшелеріне жарық шамдарын орнату, Трекин ауылындағы Мұхит, Т. Жароков, Ж. Молдағалиев, Жиберин көшелерін жарықтандыру жұмыстары жүргізілді,-деді ауыл әкімі Мәлік Сейітов.

Ауылда кәсіпкерлік саласы да жақсы жолға қойылған.Округте 3 ЖШС, 42 шаруа қожалығы, 35 шағын кәсіп субъектісі тіркелген. Трекиндік кәсіп иелері ауылда балабақшасалуға үлкен көңіл бөліп келді. Мысалы «Сұлтанова» жеке кәсіпкерлігі 75 балаға арналған бақша салса, «Арухан» жеке кәсіпкерлігі 100 орындық балабақша салуды жоспарлап отыр.

Ал ауыл шаруашылығында қызмет жасайтын кәсіпкерлер негізінен егін егіп, мал бағады. Былтырғы қуаңшылық өнім сапасына кері әсерін тигізгенін де ауыл әкімі өз сөзінде атап өтті. Сонымен қатар мал бағуды кәсіп еткен шаруалар іріқара басын асылдандыру ісіне ден қойғанын да Мәлік Сейітов ерекше атап өтті.

Әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамтуда да біраз іс атқарылған. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында грандтарғаие болған ауыл тұрғындары өзінің шағын ісін бастаса, кей санаттағы трекиндік ағайын ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған. Көпбалалы аналар мен мұқтаж отбасыларға да тиісті көмек көрсетіліп келеді екен.

Негізінен ауылдағы ағайынды абаттандыру жайы алаңдатады. Өткен жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында округ орталығына кірер жол жөнделген. Володар ауылына балалар ойын алаңы салынған. Түрлі ағаштар отырғызылып, санитарлық тазалау жұмыстары уақытымен жүргізіліп тұрыпты. Трекин маңындағы стихиялық қоқыс полигондарын ретке келтіру үшін «Асфа» ЖШС мен «Шыңғыс» жеке кәсіпкерлігімен келісім-шарт жасалып, жиналған қоқыс түйіліп, жойылған.

Ауыл әкімі Мәлік Сейітов өз баяндамасында биыл атқаратын жұмыстарына да тоқталды. Ең алдымен округке қарасты Жайық елді мекенінің ауылішілік жолдарын жөндеу, Володар ауылындағы «Солтүстік-батыс» ТЖЖ шағын ауданына газ, су жүргізу, округке қарасты ауыл көшелерін жарықтандыру және Новенький мен Володар ауылдарына кірер жолды жөндеуге қажетті жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау сияқты мәселелер күн тәртібінде тұр екен.

Одан бөлек,Жайық ауылына 108 орындық модульдік мектеп құрылысын бастау жайы да трекиндік әкімнің басты міндеттерінің бірі.

Одан соң аудан әкімі Марат Тоқжанов сөз алып, өткен жылы ауданда атқарылған жұмыстармен таныстырып, келер жылға жоспарланған істер жайын айтып өтті.

Трекин (6)

Есептік кездесу барысында трекиндік ағайын ауылға мал моласын салу, жайылым жердің аздық етіп отырғаны жөнінде сауалдарын жолдады. Оған жауап берген аудан басшысы пайдаланылмай жатқан жерлерді резервке қойып, кейін шешу жайы қарастырылатынын айтты. Одан бөлек, ауылға кірер жолға арнайы белгі қою жайын да тұрғындар назардан тыс қалдырмады. Аталған мәселе жол толық тапсырылған соң өз ретімен шешілетінін атап өтті. Адам көп жүретін көшелерге бейнебақылау камераларын қою мәселесі де жиында сөз болды. Аталған жайт көп ұзамай шешілуі керек. Өйткені ол күн тәртібінде тұр екен.

Трекин (5)

Новенький ауылының мектебін жөндеу, және аталған елді мекенге медпункт салу жайы да ауылдағы ағайынның басты сұрақтарының бірі. Ол мәселені де бақылауында ұстап отырғанын айтқан аудан басшысы 2023 жылы Новенькийге фельдшерлік амбулаториялық пункт салынатынын және бала саны өсіп жатқан Новенький мектебін жөндеп, оған жапсарлас тағы бір бөлік салу жайы қарастылырылып жатқанын жеткізді.

Жиын соңында аудан, ауыл әкімдерінің есебіне оң бағасын берген ауыл тұрғындары басшылардың жұмысына сәттілік тіледі.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы 

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале