Өткен жұма күні Орал қаласындағы 8 наурыз көшесі 109-үй мекенжайындағы «Дәстүр» қолөнершілер орталығының ресми түрде ашылу салтанаты өтті. Ізгі бастамаға қолдау таныта келген облыс әкімі Ғали Есқалиев салтанатты рәсімде кәсіпкерлерге ақ жол тіледі.
– Осыдан бірнеше ай бұрын жергілікті кәсіпкерлер ұлттық өнерді дамыту жөнінде ұсыныс тастап, қолөнершілердің бір жерге топтасып, іс бастамақ ниеттерін білдірді. Міне, бүгін сол ұсынысты қабылдап, шаһар орталығынан 600 шаршы метрге жуық жерді жеңілдікпен жалға беріп отырмыз. Қалада ғимараттарды жалға алу ақысы бір шаршы метр үшін 3000 теңгеден басталатын болса, біз бұл ғимаратты бір-бір жарым есеге дейін арзандатып беріп отырмыз. Басқа да мәселелер бойынша көмек көрсетуге әзірміз. Сіздерден күтетініміз – сапалы еңбек пен үлкен нәтиже. Егер жұмыс қарқынды жүріп жатса, қаланың өзге де жерлерінен осындай орталықтар ашуға жәрдемдесеміз. Шаһарымызға сапарлап келген туристер қазақы бұйымдарды елдеріне естелікке алып кету үшін қол-өнер бұйымдарын жасайтын орталықтар мен дүкендерді іздейді. Сол уақытта осы жерді жарқыратып көрсе-туіміз керек. Істеріңізге сәттілік тілеймін. Басшы-қосшымыз бірдей ұлттық өнерді әлемге танытуға мүдделік танытайық! – деді Ғали Нәжімеденұлы.
Жиналған жұртқа арналып көздің жауын алар қазақы қолөнер бұйымдары қойылған көрме ұйымдастырылған.
Көрмеде ағаштан, саз балшықтан жасалған әр түрлі ыдыс-аяқ, қазақша оюланған көрпе-көпшіктер, зергерлік әшекей бұйымдар, қолдан жасалған қуыршақтар, қабырғаға ілінетін сәнді тұмарлар көздің жауын ала жайнап тұрды.
Облыс әкімі көрмені ден қойып, шынайы ықыласпен көріп шықты.
– Орталықты ашудағы мақсатымыз – дәстүр сабақтастығын жүйеге келтіру. Мұнда қазақы әшекейлер мен қолданбалы бұйымдарды қолдан жасауға баулимыз.
Бұл – ұлттық өнер әрі ұтымды кәсіп болмақ. Қазірдің өзінде бірнеше мектеп оқушылары келіп жұмыстанып жатыр, – деді «Дәстүр» кәсіпорнының негізін салушы Нұрсұлу Бисманова.
Нұртілеу Қадырқұл,
zhaikpress.kz