Арнаулы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық тергеу тобы жаппай тәртіпсіздіктер мен террорлық актілер бойынша 177 істі қарап жатыр.
Бұл жайында Президенттің төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында мәлім болды.
Прокуратура органдарының мәліметі бойынша 779 адам қамауда отыр.
Олардың арасында ұйымдасқан қылмыстық топтардың 24 мүшесі бар. 113 адам кісі өлтіру, ұрлық, тонаушылық және қарақшылық әрекеттері үшін бұрын сотталған.
Ұсталғандардың тұлғалары анықталған соң, сондай-ақ денсаулық жағдайларына байланысты және басқа да материалдар бойынша 109 азаматтың қамауға алу жазасы кетіп қалмау жөніндегі қолхатпен және жеке кепілдік берумен алмастырылған.
Прокурорлар азаматтардың тәртіпсіздікке қатысы бар екені дәлелденбегенін негізге ала отырып, тағы да 103 адамды босатқан.
Ұсталғандарды азаптау туралы әрбір хабарлама жіті тексеріледі. Прокурорлар адвокаттармен, құқық қорғаушылармен және Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен әрдайым байланыста.
Дереккөз: ҚазАқпарат