Кешегі аптада Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев Елтай ауылдық округіндегі есептік жиналысқа қатысты.
Округ әкімі Рашид Байровтың баяндамасына сүйенсек, Елтайда мал шаруашылығы екпін алып келеді. Былтырғы жылмен салыстырғанда ірі қара 55% - ға, ұсақ мал 16%-ға, ал жылқы 49%-ға өскен. Округте жайылым мәселесі жоқ, ветеринарлық шаралар жылдық жоспарға сәйкес атқарылуда. Дегенмен, түлік арасында жұқпалы ринотрахейт ауруының тарау қарқыны – алдын алу шараларын жеделдетуді міндеттеп отыр. Бұл мәселе жөнінде аудандық ветеринарлық станцияның басшысы Армат Журалиев толық түсінік берді.
- Ауру мал түгілі, мал таситын көліктен де, адам аяғынан да жұға береді. Сақтық керек. Ол үшін екпе жасатқан абзал, – деді станция басшысы.
Есептік кездесу – жетістіктерді жариялайтын емес жиналыс емес, жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге бастама болатын кеңес сипатында өтсе, халық ұтады. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев тұрғындарды осыған шақырды. Себебі, ел болғасын мәселе бар.
Мысалы, округке тұрақты электромонтер қажет. Аудандық электр торабының басшысы Мақат Шамаров бүгінде электр саласы кадр тапшылығын кешіп отырғанын, сондықтан, мамандардың жалақысы 30% - ға көтерілгенін айтты. Тасқұдықтық ағайын ауылда элекр жарығының жиі сөнетінін, желілердің күрделі жөндеуге мұқтаж екендігін тағы да ескертті. Жарық жоқ уақта ауылға су тарататын дизель генераторының да жұмысын реттеуді де сұрады. Бұдан тыс, халық тарапынан қарапайым еңбек адамдарын марапаттау жөнінде де ұсыныстар түсті.
Елтай ауылдық округіндегі негізгі мәселенің бірі - мәдениет үйінің жылу жүйесін жөндеу еді, былтыр ол мәселе де шешімін тауыпты.
Жиынды қорытындылаған Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев ауылды мектеп ұстайтынын, сондықтан халықты білім ошағындағы оқушылар санын азайтып алмауға барынша жұмыстануға шақырды.
-Елтай ауылдық округі – бақша шаруашылығын жүргізуге өте қолайлы өңір. Ауылдың тәжірибесінде бұл кәсіп бар. Жұмыссыз жастардың мемлекеттің қайтарымсыз несиесіне сүтті бағыттағы сиыр алып, сүт өндірісімен айналысуға мүмкіндігі бар. Елді еңбек көркейтеді, – деді аудан әкімі.
Бауыржан Ширмединұлы,
Тасқұдық ауылы
zhaikpress.kz