Президенттің 44 тапсырмасы орындалды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елдегі әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық саяси жағдайды тұрақтандыру мақсатында осы жылдың қаңтар айынан бастап Мемлекет басшысы жедел және жүйелі сипаттағы 140 тапсырма берді. Бүгінгі таңда 44 тапсырма орындалды, 32 тапсырма аяқталу сатысында», - деді министр.
Оның атап өтуінше, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқаты мен табысын арттыру, теңсіздікті азайту және жұмыс орындарын ашу, инвестициялар тарту, шағын және орта бизнесті дамыту жөнінде нақты міндеттер қойды.
«Осы міндеттер аясында Ұлттық экономика министрлігіне 5 тапсырма бекітілді: халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеу; инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін әзірлеу; шағын бизнесті қолдауға, қорғауға және дамытуға бағыттай отырып «Атамекен» ҰКП-ны реформалау; «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының тиімділігіне талдау жүргізу; майнингке салықты бірнеше есе арттыру», - деді Әлібек Қуантыров.