Бүгін Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов халықтың табысын арттыру жөнінде түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақмәди Сарбасов сөзінің басында халықтың нақты табысы экономикалық өсу мен еңбек өнімділігіне тікелей байланысты екенін хабарлады. Соңғы он жылда ЖІӨ өсімі қызмет көрсету саласы есебінен 62%-ға қамтамасыз етілді, ондағы еңбек өнімділігі өңдеу өнеркәсібіне қарағанда айтарлықтай төмен.
«2015 жылдан бері құрылған жұмыс орындарының 37 пайызы еңбек өнімділігі төмен салаларда құрылды (көбінесе мемлекеттің қатысуы бар білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару салаларында). Өнімділігі жоғары салаларға жаңа жұмыс орындарының тек 8 пайызы тиесілі. Нәтижесінде, жұмыспен қамтылған халықтың 41 пайызы табысы мен өнімділігі төмен салаларда жұмыс істейді. Осыған байланысты, негізгі міндет – тұрақты және өнімді жұмыс орындарын құру қарқынын арттыру», - деп тоқталды бірінші вице-министр.
Оның пайымынша, бұл үшін жергілікті атқарушы органдар инвестициялық жобалардың тізбесі мен құрылатын жұмыс орындарының санын көрсете отырып, өңірлік жұмыспен қамту карталарын бекітуі қажет. Ал құрылатын жұмыс орындарының мониторингі салық пен зейнетақы жарналарының түсімі және электрондық еңбек шарттарын ақпараттық жүйеде бақылау арқылы қамтамасыз етіледі.
«Халықтың табысын арттыру жөніндегі шаралар кешені барлық санаттарды қамтитын болады. Азаматтық қызметшілердің (педагогтер, медицина қызметкерлері, әлеуметтік қызметкерлер, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық персонал және т.б.) жалақысын өсіру және жәрдемақылар мөлшерін инфляция деңгейіне арттырудан басқа бірқатар заңнамалық бастамалар қабылданады. Еңбек ресурстарының дағдыларын дамыту үшін экономиканың қажеттіліктеріне орай кәсіптік біліктілікті тану жүйесі және қызметкерлердің дағдыларын сертификаттау енгізіледі», - деді ол.
«Әлеуметтік кодексті қабылдау азаматтардың мұқтаждылығына қарай проактивті және қолжетімді түрде әлеуметтік қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған қызметкерлер үшін еңбек қатынастарын рәсімдеудің жаңа формалары мен арнайы салық режимдерін енгізу мәселесі қарастырылуда. Сонымен қатар, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және жұмыспен қамту инфрақұрылымын цифрландыру арқылы халықты жұмыспен қамтуды кеңейту бойынша шаралар қабылданады», - деді Ақмәди Сарбасов.