Қазір қоғамда жаңа дерт пайда болды. Ол - әскерден қашу «синдромы». Бұрын әскерден оралған әкелеріміз көшеде алшаң басып, кеудесін тік көтеріп жүрсе, бүгінде сол әкелерімізден тараған ұрпақ әскерге бару туралы тіптен сөз қозғағысы келмейді. Бұл не, патриоттық сезімнің жоқтығы ма, әлде отбасындағы тәрбиенің кемшін болуы ма?
Әскер – елдің басына күн туа қалған жағдайда жүгінер ең маңызды күші. Бүгінгі таңда бейбітшіліктің туы желбіреген мемлекеттердің де әскери күші жағынан бес қаруы сай, төрт құбыласы түгел. Әйткенмен әскер соғысты күтпейді, тыныштықты күзетіп, елдің есендігін тілейді. Қазақ «Ұланы бар елдің ұраны бір» деп жатады. Ұлан демекші, ер жеткен әр азаматтың борышы – әскери борышын өтеу.
Алайда, мұны борыш құрлы көрмей жүрген жігіттердің қарасы көп. Әскерге бармаудың сан сылтауын тауып, «өтірік» ауру боп шыға салатын жігіттердің әскерге деген махаббаты жоқтығын қалай түсінсек болады? Әскери азаматтық борышын жұрт қатарлы өтеп, өз Отаны алдында кез келген жағдайға сай тұратын сарбаздарымыздың саны неге азайып келеді? Сап түзеп, әскери сабақ алудан қазақ жігіттері неге қашады?
Көкейде сауал көп. Жауабын тауып, әскерге тартудың түрлі тәсілдерін де ұсынуға болады-ақ. Дегенмен, жастардың санасымен жұмыс жасау керек секілді. Бүгінгі таңда жастарға үлгі болатын тұлғаларды көптеп дәріптеген дұрыс.
Осы мақаламызда әскерге тартылғандар мен «қашқындардың» санын көрсетіп, бас қатырар статистикаларды ұсынғанша, әскерге баруды абырой деп есептейтін теректілік бірқатар жастар туралы айтсақ дейміз. Олар сылтау айтпады. Олар «елімді сүйемін» дейтін сөзін іспен дәлелдеді. Бүгінде олар алғысқа кенеліп, ата-анасының мақтанышына айналғандар.
Сондай жастың бірі – аңқатылық Нұрсұлтан Кеңесов. Жалынды жас «Шекара қызметінің үздігі» төсбелгісінің иегері. Ол өзінің әскерде болғанын мақтанышпен айтады. Оның ойынша жүрегі елім деп соққан әр жас әскерге барудан қашпауы тиіс.
-Мен 2020 жылдың соңында Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі бөлімшесіне Отан алдындағы борышымды өтеу мақсатында әскерге жолдандым. 2021 жылдың аяғына таман міндетімді абыроймен аяқтап, ауылыма оралдым. Әскерге бару азаматтың абыроймен атқару керек істерінің бірі деп білемін. Әскер мінез мықтылығына ғана емес, туған өлкенің, ата-ананың, бауырлардың, достардың қадір-қасиетін ұқтыратын үлкен мектеп. Қатарластарымды және інілерімізді әскерге барудан қашқақтамауға, азаматтық міндетін уақытылы және үлкен жауапкершілікпен атқаруға шақырамын.
Дәл осындай пікірді Шөптікөл ауылының тумасы Мәди Кеңесов те ұстанады. Мәди ҚР Қорғаныс министрлігінің құрлықтағы әскерінің 30238 әскери бөлімінде борышын өтеген.
-Әскерге бару қорқыныш емес, абырой болуы тиіс. Мен әскерге өзім сұранып бардым. Шыңдалдым, есейдім, үлкен мектептен өттім. Бауыржан Момышұлының «Әскери қызмет дегеніміз – дені сау әрбір азаматтың асыл парызы, ардақты борышы, кімде-кім әскери қызметтен жалтарса ол патриот емес» деген керемет сөзі бар. Ер-азаматтың толыққанды қалыптасуына әскери тәрбие ауадай қажет. Әрбір үйдің еркесі тәртіпке көндігіп, оң мен солын танитын жер де – әскер.Патриоттық сезім отбасынан басталып, мектеп қабырғасында шыңдалып, әскер сапында толысады, - дейді Мәди Әлібекұлы.
Аңқаты ауылында дүниеге келген Қуанышбек Аманжол да өз еркімен әскерге сұранып, абыроймен борышын өтеген жастардың бірі.
-Мен ел алдындағы азаматтық борышымды өтеу мақсатында әскер қатарына сұранып, Маңғыстау облысы,Жаңаөзен қаласындағы 5548 әскери бөлімінде өз міндетімді абыроймен атқарып қайттым. Қазір әскерге бару, ондағы жаттығулар мен дайындықтар біздің аға буынның кезіндегідей ауыр емес. Бір жыл ішінде әскери тактикалардан бөлек, ата-анамның, ауылымның қаншалықты қымбат екенін түсіндім. Әскерде болу арқылы уақытты жоспарлауды, жинақы болуды, бастаған ісіңді соңына дейін жеткізуді үйрендім. Уақыт алмасады, ұрпақтар өзгереді, бірақ Отанға сүйіспеншілік, қажырлылық, ерлік, жауынгерлік рухымыз өзгеріссіз қалу керек. Соның айқын дәлелі әскен қатарында болып, ел тыныштығын күзету. Қай кезде де азаматтың өз Отаны алдында парызы болады. Бүгінгі күні ол парыз білімді және білікті маман болумен, еңбекқорлық арқылы жетістікке жетумен және әр ер жігіттің әскер қатарында болып, ел тыныштығын күзетуге үлес қосып, әскер ұғымынан хабардар болуымен сипатталады деп ойлаймын.Ұққаным ел тыныштығы жолында қызмет етіп жүрген бауырларымыздың еңбегі орасан. Жауапкершілігі мол, еңбекқор, мінезі мықты азаматтар ғана әскер қатарына қосыла алады.Достарымды да жауапты міндетті артқа қалдырмай, уақытылы әскер қатарына қосылуға шақырамын,-деп сөзін түйіндеді жерлесіміз Қуанышбек Қасымұлы.
Ия, осындай жастардың болуы еңсеңді тіктеп, болашаққа сеніммен қарауға сеп болады. Жалпы, тәуелсіз мемлекеттің айбыны ұлттық әскерінің қуаты арқылы айқындалады. Себебі, дамыған елдер мен дамушы елдер арасындағы бәсекелестік халқының әлеуметтік-экономикалық ахуалымен, ғылым-білімінің озықтығымен, технологиясының жетістігімен ғана өлшенбейді. Сарбаздардың саны мен сапасы, әскери техникасының күш-қуаты да үлкен маңызға ие. Расында, біз сөз еткен әскерге бару және бармау қазіргі таңда өте өзекті мәселе екені даусыз. Оны шешудің төте жолы – жас өренді қазірден рухани құндылықтарды білуге жетелеп, батыр бабаларымыздың жолымен жүруге баулу қажет. Өйткені, әскери өмірде шыңдалу адамға өмірлік тәлім-тәрбие, терең түсінік пен тағдырдың түрлі дауылдарына қарсы тұра алатын тәжірибе сыйлайды. «Отан отбасынан басталады» десек, қиындықтарға төзе білген әрбір сарбаз өз отбасы мен Отанын қорғай алады деп нық сеніммен айтуға болады.
Ал әскер қатарына барып, борышын өтеген жерлестерімізді дәріптеу, өскелең ұрпаққа үлгі ету бағытындағы жұмыстарға да ден қойсақ екен. Осы орайда, Теректі аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының әлеуметтік желідегі парақшасында «Абыройлы міндет» айдарын ашуы көңіл қуантады.
Әділет Орынбасаров.
Теректі ауданы
zhaikpress.kz