17.02.2022, 15:45
Оқылды: 67

Су жүрген жер береке

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Ақжайық ауданы Бударин ауылдық округінің Самал ауылында ауыз су нысаны жуырда іске қосылды. Былтыр аталмыш бағдарламаның игілігін Мойылды ауылының тұрғындары көрсе, бұл іс самалдықтардың көкейінде жүрген түйткілді шешті.

IMG_1190

220-дан астам  тұрғыны бар елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 138 млн. 380 мың теңге бөлінген болатын. Бұл қаржыға ауыл көшелерімен жалпы ұзындығы 4 км су құбырлары жүргізіліп, 44 тұрғын үй және 3 әлеуметтік нысанға таза су кіргізілді. Ауылдан іргесінен табылған тұщы су көзі басында бұрғы орнатылып, 30 метр тереңдіктен су сорылады. Су жинақтау стансасында әрқайсысы 250 кубтық қос резервуар бар. Ауыл көшелерінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін 34 гидрант қондырғылары орнатылды. Бұл жұмысты қолға алып мерзімінен бұрын тапсырған «QazConstruction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жергілікті тұрғындардың ризашылығы мол. Жұмыссыздар есебінен құрылыста 6 адам жұмыс істеді. Судың сапасына, халыққа үздіксіз жеткізілуіне  басты назар аударылды. Ауылдағы жұмыссыздар қатарынан 1 адам арнайы даярлықтан өтіп,  жаңа нысанға жұмысқа орналасты.

Ауыз су нысанын іске қосу салтанатында ауылдастарды аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов құттықтады. Шараға аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражов, аудан әкімінің орынбасары Ердос Үмітов, округ әкімі Шоқан Мұсағалиев және ауыл тұрғындары қатысты.

Халыққа шарапаты зор нысанның лентасын аудан басшысы Қ.Шадиярұлы мен еңбек ардагері Айдынғали Сәрсенғалиев қиды.

– Біз ертеректе суды ауылдан жеті шақырым қашықтықта орналасқан арнадан да тасып іштік. Бергі уақытта құдықтар қазылды. «Елу жылда ел жаңа» деген, бүгін сол машақаттың бәрі артта қалып, үйдегі құбырдың тетігін бұрап, су алып отырмыз. Бұл біз сияқты шағын ауылдарға зор көмек, зор қуаныш. Өсіп келе жатқан ұрпағымыз жақсы істердің игілігін көріп, аман болсын, – деп елдің қуанышымен бөлісті А.Сәрсенғалиев.

Ауыз су жүйесіне алғашқылардың қатарында қосылғандардың бірі -  Болат Есқалиевтің отбасы. Жақсылыққа орай дастарханын кеңінен жайған отанасы Жаңылсын Есқалиева ауылдастардың тұрмысын жақсартуға еңбек еткен азаматтарға риясыз ризашылығын арнады: «Кранды ашсаң, су ағып тұр. Жағдайымыз қаладан да кем емес. Осындай мүмкіндіктер барда ауыл азаматтары қалаға көшпейді. Осындай мүмкіндіктерді шындыққа айналдырған барша атқамінерлерге таудай алғыс».

Әсет Орынғали,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Суреттерді түсірген Нұрбек Ихсан

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале