18.02.2022, 18:29
Оқылды: 53

Оқушылар білім бәсекесінде сыналды

Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың аудандық кезеңі өтті. Білім додасы жалпы білім беретін 15 пән бойынша Ақсай қалалық №6 мектеп-лицейі базасында оздырылды. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін олимпиадаға қатысуға биыл Бөрлі ауданында 389 бала өтініш берген. Оның 212-сі қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша, 177-сі жаратылыстану-математика бағыты бойынша қатысты.

E9EB3FC2-FBF6-426E-823E-E27327010D65

Солардың бірі Ақсай қалалық №6 мектеп-лицейінің оқушысы Ақбота Мағзом.

Ақбота қазақ тілі және әдебиеті пәні бойынша олимпиадада өз білімін сынап көрді. Дәстүрлі түрде өтетін олимпиада оқушылардың білімін шыңдап, оқуға деген шабытын арттырады, дейді ол.

- Қазақ тілі – халқымыздың алтын діңгегі. Еліміздің өркендей түсуінің жарқын белесі болғандықтан қазақ тілі пәнінің үстемдігі мол. Осы бағытты таңдаған оқушылар үшін де маңызы зор. Мен осыған дейін де қазақ тілінен олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындар алып жүрдім. Осы жылы олимпиада өзгеше, цифрлы жүйеде өтіп жатыр. Бұл – еліміздің компьютерлік жүйеде дамуының айқын деңгейі болып саналады. Биылғы олимпиаданың жақсы жақтары өте көп. Алдымен әділеттілік. Яғни кімнің білімі, шынымен, мықты сол жеңіп шығады. Ата-аналар да біздің деңгейімізді бақылап отырады. Өзім үнемі олимпиадаларға қатысып келемін. Бұл жолы да білімімді сынап жатқаныма қуаныштымын, - дейді Ақбота.

Ақботаның замандасы Назира да білім бәсекесіне 8-сыныптан қатысып жүр. Орыс тілі мен әдебиеті пәні бойынша бағын сынаған ол дайындықтың жақсы болғанын айтады.

- Әрине, қобалжу болды. Бірақ өзімді қолға алып, тапсырмаларды түгел орындап шықтым. Бұрын қатысқан олимпиадаларымнан үнемі жүлделі орын алатынмын. Болашақта шығармашылық бағытты, әлде журналистика саласын таңдағым келеді, - дейді Назира Есдәулет.

Олимпиада мақсаты - дарынды балаларды анықтау, дамыту және қолдаудың тұтас жүйесін қалыптастыру, жеке пәндер бойынша ерекше дарындылық танытқан аудандық білім беру мекемелерінің оқушылары немесе жеке пәндер бойынша аса дарынды балаларды оқыту мен тәрбиелеу болып табылады, - дейді ұйымдастырушылар.

- Биылғы олимпиада жаңа форматта өтуде. Оқушылар «Oqylyq» платформасына өзінің логин, паролін тіркеп, берілген тапсырмаларды жауап парағына орындайды. "Бір оқушы – бір компьютер – бір камера" қағидасы бойынша өтуде. Олимпиада республика бойынша бір күнде өтіп жатыр. Ақпан айының 14-і басталған білім додасы 22 ақпан күні аяқталады. Ауданда олимпиадв 15 ақпан күні өтпеді. Ауа райының қолайсыздығына байланысты ауылдан келетін балалардың қауіпсіздігін ойлап бұл күні өткізбеуді шештік.  Алғашқы рет мұндай форматта болғандықтан қиыншылықтар да болып жатыр. Өйткені, 9-сынып оқушыларының балалары күнде сағат 9.00-де олимпиаданы бастап кетеді. Ал 10-сынып оқушылары сағат 12.00-де, 11 сынып оқушылары сағат 15.00 –де кабинетке кіреді. Әр сыныпқа екі сағат уақыт беріледі. Бұл әсіресе ауылдық мектептерден келген балалардың ерте келіп, күні бойы күтіп отыруы қиындау болып тұр. Басқалай еш қиындық жоқ, - дейді аудандық білім беру бөлімі әдістемелік кабинеттің меңгерушісі Роза Ахметова.

Сала маманының сөзінше, оқушыларға алдын ала олимпиаданың өту тәртібі түсіндірілген. Олимпиаданың ашық түрде өтуін облыстық білім басқармасынан, «Адалдық алаңынан», ата-аналардан құралған бақылаушылар бақылап отырған.

 Айым Нұрғалиева,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале