Бәйтерек ауданы Асан елді мекеніндегі атшабарда жаппай көкпар өтті. Бәйтерек және Ақжайық аудандары бірлесе ұйымдастырған додаға өңірдің үздік шабандоздары қатысты. 40-тан астам палуан бақ сынаған көкпарды тамашалауға келген көрермен де көп болды.
Ұлттық спортымызды дәріптеп, көкпарға деген қызығушылықты арттыру, палуан мен жылқының бабын келістіру мақсатында өткен жарысқа тігілген салым да қомақты болды. Жігіттің сұлтаны, жылқының сырттаны ғана түсетін доданы қызықтауға келген ұлт спортының жанашырларына ауа райының қолайсыздығы да кедергі болмады.
Ұлттық спорт мектебі мен қос ауданның спортына жауапты азаматтары атсалысқан көкпардың бәйгесі де қомақты болды. Одан бөлек, демеушілік танытып, салым тіккен атымтай жомарттар да серке тартқан палуандарға деген қолдауын іспен дәлелдеді. Атап айтар болсақ, Жәнібек Тәткенов, Тұрсынғали Қожапов, Армат Сәрсекенов, Мейірім Базаров сынды азаматтар салымға қомақты қаржы тігіп, көкпарды қыздыра түсті. Одан бөлек, ұйымдастырушы аудандардың арнайы берген қаражаты ойынды қыздыра түсті.
Ұлттық киім және қазақы нақыштағы бұйым сататын арнайы дүкен иесі Фараби атты азамат аталмыш сайысқа арнайы келіп, салымға көкпарға арналған екі ер салса, Тайпақ ауылының бір топ самбошылары да арнайы қаражат шығарып, білекті жігіттерге деген қолдауын көрсетті.
Шара соңында самбодан әлемнің төрт дүркін чемпионы, ұлттық спорт мектебінің басшысы Ерболат Байбатыров бала көкпар ұйымдастырып, жас палуандарға берілер салымды өз қалтасынан шығарды.
Палуан мен жылқының бабын келтіруге арналған жаппай көкпар енді әр демалыс сайын өткізіліп тұратын болады.
Ұлттық спорт жанашырлары көкпар өткізуге қолдау білдірген барша ұйымдастырушыларға алғыс білдіреді.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы,
zhaikpress.kz