Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәлік Құлшар Орал қаласы Деркөл кенті аумағында орналасқан жайылымдардың жеткіліксіздігі мәселесі бойынша тұрғындармен және жауапты мемлекеттік мекеме өкілдерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Деркөл кентінің шаруа қожалық иелері өзекті мәселелерін айтып, өз ұсыныстарын білдірді.
Жалпы Деркөл кенті жөнінде айтар болсақ, жалпы жер аумағы – 24359 га құрайды.
Деркөл кенті бойынша ауыл шаруашылығымен айналысатын 2 ЖШС, 1 ауылшаруашылық өндірістік кооперативі (АШӨК) және 4 шаруа қожалығы бар. Олардың негізгі бағыты - егін және мал шаруашылығы. «Орал ауылшаруашылық тәжірибе станциясы» ЖШС-і егін шаруашылығымен, «Адиет» ЖШС-і егін және мал шаруашылығымен және «Ансар би» АШӨК, «Али», «Нұрсәт», «Барыс», «Сүндетов» шаруа қожалықтары мал шаруашылығымен айналысады.
Орал қаласының Деркөл кентіне қарасты Ветелки, Новостройка елді мекендері тұрғындарының негізгі күнкөріс көзі - мал шаруашылығы. Ветелки, Новостройка елді мекендері алғашында Орал тәжірибе станциясы қызметкерлеріне арналған тұрғын үйлер негізінде 1928-1929 жылдары құрылған. 1970 жылдары Орал тәжірибе станциясының өндірісі кеңіп, тұрғындар саны қарқынды өсуінен үлкен елді мекендерге айналған. Елді мекен тұрғындары Орал тәжірибе станциясында жұмыс жасап, мал бағу, егін егу жұмыстарымен қатар, жеке мал шаруашылығымен айналысқан.
Қазіргі таңда аталған елді мекендердің басты мәселелерінің бірі - мал жайылымдары мен шабындық жерлердің жетіспеушілігі болып отыр.
Деркөл кенті бойынша мал жайылымы және шабындық жерлердің басым бөлімі (15 956,11 га – 65,5%, оның ішінде: егістік жерлер – 9 278 га, шабындық жерлер – 521 га, жайылымдық жерлер – 5 262,11 га, бау-бақша – 582 га, өзге де жерлер – 313 га) «Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС-нің теңгерімінде болғандықтан, жыл сайын Деркөл кенті әкімдігі тарапынан мал ұстаушы тұрғындарды жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету мақсатында аталған мекемемен кездесулер өткізіп, мал жайылымына жер белгілеп, мәселелер уақытша келісіліп, шешіліп келген. Алайда соңғы уақытта Ветелки, Новостройка елді мекендерінде мал санының өсуіне байланысты, мал ұстайтын тұрғындардың және шаруа қожалықтарының талаптарын толық қанағаттандырмай отыр.
Бүгінде Ветелки мен Новостройка елді мекендерін қоса алғанда, шаруа қожалықтары мен тұрғындардың жалпы мал саны - 2239 ірі қара, 3785 ұсақ мал және 406 жылқыны құрайды.
Мәлік Иманқұлұлы кездесу соңында барлық жиылған ұсыныс-пікірлерді тікелей жолдауларын сұрап, оң шешілуіне септігін тигізетінін айтты.
"Nur Otan" партиясы БҚО филиалының баспасөз қызметі