23.02.2022, 12:31
Оқылды: 64

Ауыл жатақханасының жайы қалай?

Былтыр Тәуелсіздік мерекесінің 30 жылдығы қарсаңында Бәйтерек ауданына қарасты Егіндібұлақ ауылында мамандарға арналған жатақхана пайдалануға берілді. Жергілікті бюджет есебінен арнайы қаржы бөлініп, бұрынғы әкімдік ғимаратын жатақханаға ыңғайлап, оған ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, елді мекенге жұмыс жасауға келген мамандарды баспанамен қамтыған аудан, ауыл әкімдігі осылайша өткен жылғы есептік кездесуде көтерілген баспана мәселесін шешудің оңтайлы жолын таба алды.

IMG-20220222-WA0040

Бүгінде шатыр-терезесі, есіктері ауыстырылып, линолеум, кафель төселген және жатын, ас дайындайтын, санитарлық бөлмелері жаңартылған жатақхана тұрғындары қалай өмір сүріп жатыр? Оларға жасалған жағдайға көңілдері тола ма? Ашылғанына көп бола қоймаған орынның қандай артықшылықтары мен кемшілігі бар екенін білмек оймен ат басын Егіндібұлаққа бұрдық.

IMG-20220222-WA0036

Ауылға жеткен бойда округ әкімі Ринат Ескендіров қарсы алды. Оның сөзінше, жатақханадағы бөлмелер ауылға келген мамандарға беріліпті. Жатақханада жеті бөлме бар. Олардың бесеуі қазіргі таңда бос емес. Жалпы саны 15 адам тұрып жатыр. Олардың арасында мал дәрігері, ұстаздар және жанұясымен бірге келген отбасы балалары бар.

-Қазір бес бөлмені тұрғындармен толықтырдық. Екі бөлме бос тұр. Болашақта ауылға дәрігер алдырып, бір бөлмені соған береміз деген жоспар бар. Ал екінші бөлмені учаскелік инспекторға дайындап отырмыз,-дейді ауыл әкімі Ринат Ескендіров.

Сапарымыздың басты мақсаты жатақхана тұрғындарымен тілдесу болған соң, бөлмеге ие болған тұрғындарды да сөзге тарттық. Оқу жылының басында ауылға келген маман қыркүйектен желтоқсанға дейін пәтер жалдап келген. Ал жатақханадан бөлме алған кезде қуанышында шек болмапты.

IMG-20220222-WA0035

-Оқу жылы басында әріптесіммен бірге пәтер жалдап тұрдық. Қиындау болғаны рас. Өйткені үйде су болмады. Жұмыстан соң су тасып, біраз уақытымызды жұмсайтынбыз. Ал жатқанханаға көшкелі ондай мәселе кездеспеді. Салқын, жылы су келіп тұр. Бөлмеміз жылы. Көршілеріміз қасымызда. Жұмыстан да алыс емес. Сонысымен жақсы. Алаңсыз жұмыс жасай аламыз,-дейді ауыл мектебінде ұстаздық ететін Қарлығаш Нұртазина.

Бүгінде кішкентай қызын қасына көшіріп алған Қарлығаш ұстаз болашақта «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы баспана алып, Егіндібұлақта тұрақтап қалғысы келеді. Тек аудан орталығында жұмыс жасайтын жолдасының шалғайда жүргені қиындау екен.

IMG-20220222-WA0042

Жатақхананың тағы бір тұрғыны Мейірхан Мүтиғоллин ауылда пәтер жалдап тұрудың машақатын көрген жан десе де болады. Екі жылдан бері Егіндібұлақ ауылында тұратын технология пәнінің мұғалімі өз бөлмесін алып, алаңсыз жұмыс жасауға мүмкіндік берілгеніне разы. Бір жыл бойы 15 мың теңгесін пәтерақы есебінде беріп келген жас ұстаздың қасында тағы екі жас мұғалім тұрады.

-Туған жерім – Жәнібек ауданы. Бірнеше жылдан бері осы елді мекенде қызмет жасап жатырмын. Арнайы бөлме алып, оны достарыммен бөлісіп тұрып жатырмыз. Шыны керек, бұл – үлкен қолдау. Ең бастысы, жатын орнымыз жылы. Тұрғындар татумыз. Әріптестерім де, тіпті мектеп директоры да осы жатақханада тұрады. Бір-бірімізге қолдау көрсетіп, жұмыстан соң да тәжірибе алмасатын мүмкіндік бар. Ауылда қалып, осы елді мекенді көркейтуге өз үлесімді қосқым келеді,-дейді жас маман Мейірхан Мүтиғоллин.

Ауылдың қақ ортасынан орын тепкен баспана айналасы мұнтаздай таза. Тұрғындары айналасының қарын аршып, кіре беріске қатқан мұзды жарып, тазалыққа үлкен мән береді. Кірген бойда кезекшілік кестесі де ілініп тұр. Тұрғындар оны мүлтіксіз орындайтынын айтады. Бүгінде ол жердің өз тәртібі орныққан. Тәжірибелі ұстаздар сабақтан бос кезде жас мамандарды ұстаздықтың қыр-сырына баулып, білгендерін үйретуге де әзір. Әр мереке сайын жатақхана тұрғындары қой сойып, тасаттық береді. Баспана алған кезде де қазақы дәстүрмен қой сойып, қазан жаңғыртқан тұрғындар осылайша салт-дәстүрімізді де дәріптеуді ұмытпайды.

IMG-20220222-WA0038

Әзірге соңғы болып өз бөлмесін ауылға жаңадан келген мал дәрігері Мұрат Жәдел алған. Қоныстанғанына көп бола қоймаса да, көршілерінің оны жыл қабақпен қарсы алып, барымен бөліскеніне разы. Тұрғын үйдің жаңа тұрғыны саналғанмен, өз ісінде тәжірибесі толысқан мал дәрігері де бөлме алғанына қуанышты екенін жасырмады. Сөзінше, өзгенің қас-қабағына қарап, пәтер жағалап жүрген маманның жұмысқа онша құлқы болмайды екен.

IMG-20220222-WA0034

-Осы кезге дейін ауданға қарасты Январцев ауылында жұмыс жасадым. Пәтерде тұрдым. Жалақымның біраз бөлігін пәтерақыға жұмсайтын едім. Бұл жерде тек коммуналдық төлемге ғана шығын шығарамыз. Сол жағынан тиімді. Бөлмелеріміз де жайлы,-дейді Мұрат Жәдел.

Осы күні мал дәрігерінің қасына облыс орталығындағы колледждердің бірінде мал дәрігерлік оқуын оқып жүрген студенттерді сараманға жіберген. Бексұлтан және Әділбек есімді қос студент болашақта қажет болатын мамандықтың қыр-сырына үйретіп жүрген ауылдың мал дәрігеріне разы. Бүгінде қан алып, сырға салуды толық меңгеріпті.

 

Округ әкімі Ринат Ескендіров ауданға қарасты барлық ауылға сараманнан өтуге бір жас мал дәрігері жіберілгенін айтады. Ал Егіндібұлаққа екі маман келген. Өйткені бұл жерде жатын орын бар екен.

IMG-20220222-WA0045

-Мамандар пәтерақы төлемейді. Тек коммуналдық шығынды өтесе болғаны. Айына есептеген кезде әр тұрғын 1200 теңге шығын шығарады. Осыған дейін пәтер жалдап келгенде олар 15-20 мыңнан төлеп тұрды. Біздің жатақхананың артықшылығы да осы,-дейді ауылнай Ринат Ескендіров.

Жалпы осы кезге дейін ауданда болмаған жатақхананың тұрмысы осындай. Суы мен жарығы өшкен емес, ауылдағы бір де бір үйде жоқ санитарлық қажеттілік те қарастырылған. Осы күні шекара маңындағы ауылдардың инфрақұрылымын дамытып, ол жерге ел қондыру және тұрғылықты халыққа қажетті жағдай жасау басты міндеттердің бірі болып отырғаны мәлім. Ал жатақхана – ауылға келген маманды ұстап қалып, мектепті де дамыта түсіретін тамаша мүмкіндік. Осы тәжірибе басқа да шалғайдағы ауылдарда қолданылса деген ниет бар.

Бірнеше жыл бұрын Егіндібұлақ ауылына келер жолдың Зеленый округіне дейінгі бөлігі жөнделді. Енді биыл ауылға дейінгі 18 шақырым тас жол жөнделетін болады. Оған қажетті жобалық-сметалық құжаттама дайын.

Сонымен қатар ауыл ішіндегі екі басты көше жолы салынбақшы. Осы кезге дейін ауыл маңындағы су жиналатын бөгетті су шайып кеткен болатын. Округ әкімдігі оны жөндеуге керекті құжаттарды да ретке келтірген. Округке қарасты Алмалы ауылын көгілдір отынға қосу ісі де бір жақты етілген.

-Сәуір айында мектепті күрделі жөндеуге жабамыз. Мердігер анықталды. Белгілеген уақытымызға рұқсат берсе, ауыл тұрғындарын толғандырған басты проблема шешімін табады,-дейді округ әкімі Ринат Ескендіров.

500-ден астам тұрғыны бар шекара маңындағы Егіндібұлақтағы жас мамандар тірлігі осындай. Ауылда іске асырылатын жұмыстардың да жоспары құрылыпты. Болашақта елді мекенге көшіп келушілер артып, ауыл гүлдене түседі деген үміт бар.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы 

zhaikpress.kz 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале