Бүгін Шыңғырлау ауданы Ақбұлақ ауылының мәдениет үйінде «Әлем сұлу әйелмен» аудандық келіндер байқауы өтті.
Ұлттық құндылықтарымызды насихаттау, ұлағатты салт-дәстүрімізді жалғастыру, қазақ келіндерінің бейнесін дәріптеу, жас ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетуді мақсат тұтқан байқауға ауданымыздың барлық ауылдық округтерінен келген ақылына көркі сай, инабатты 12 келін қатысты. Түрлі салада еңбек етіп, шаңырақтың ұйықтысы болып отырған аяулы жандар көпшілік алдында өз өнерлерін көрсетіп, нағыз қазақ келіндердің үлгісін танытуға тырысты.
Тәрбиелік мәні зор 4 бөлімнен тұратын байқауда келіндер қазақтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін дәріптеп, аспаздық шеберліктерін ортаға салды. Алғашқы кезеңде олар өздерін сахна талабына сай таныстырса, одан кейін қазақтың салт-дәстүр, ұлттық құндылықтар, ене мен келін сыйластығы секілді сұрақтарға жауап берді. Ата дәстүрін сақтап келе жатқан аяулы жандар үшінші кезеңде тамақ дайындауға икемділігі мен шеберліктерін ортаға салды. Соңғы бөлімде қатысушылар көрермендерге өнерлерін көрсету арқылы бақ сынасты.
Байқаудың ашылу салтанатында сөз алған Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі С.Бәйтенова қатысушыларға сәттілік тілеп, ауылдың рухани орнында осындай тәрбиелік мәні зор шаралар көптеп бола берсін деген тілегін білдірген соң, сайыскерлер әр бөлім бойынша өнерлерін көрсетті.
Нәтижесінде қазақ келіндерінің санаулы минутта астың нанын жаюы, өзін-өзі сахнада ұстай білуі, сұрақтарға жауап беруі секілді ақылы мен парасаты сынға түскен сайыста "Ибалы келін" номинациясын шыңғырлаулық Қадыржан Фариза, Шоқтыбай ауылынан келген Шибинтаева Әсемгүл «Үлгілі келін», ал Амангелді ауылының аруы Кенжеғалиева Динара «Шебер келін» номинацияларына ие болса, «Өнерлі келін» номинациясы Ардақ ауылынан келген Ғабдреш Мейрамгүлге бұйырды. Ал жүлделі І орын шыңғырлаулық Мақсотова Рыскүл, ІІ орынды алмаздық Жантөринова Гүлжанат, ақбұлақтық Файзуллина Әсем мен ақшаттық Темірхан Айзат бөліссе, ал Ащысай ауылының келіні Нишанова Гүлболар, ұрысайлық Қаирова Динара, шоқтыбайлық Ахметова Эльмира ІІІ орынды иеленді. Нәтижесінде барлық бөлімдерде басым түскен Қарағаш ауылынан келген Меңдібаева Айдана бас жүлдені жеңіп алды. Қатысушылар алғыс хатпен марапатталып, бағалы сыйлықтардың сертификаттарына ие болды.
Айзат Темірхан, байқауға қатысушы:
- Келін болып түскеніме, міне 4 жыл болды. Өзім Ақжайық ауданының қызы, Алмаз ауылының келінімін. Бүгінде екі баланың анасымын. Мұндай сайыстардың жастарға, жас қыздарға берері мол деп ойлаймын, сондықтан қазақтың келіндерінің атқаратын міндеттерін, қазақтың салт-дәстүрлерін білгендерін ортаға шығара білуі де орынды. Отбасы құндылықтарын насихаттау үшін мұндай сайыстарды жиі ұйымдастыру керек.
Аман Ізмұхан,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz