Бір тудың астына тағдыр тоғыстырған, көпұлтты Қазақстанның дәстүрін дәріптеп, тарихын құрметтеп, қонақжайлығы мен мәрттігіне алғыс айтатын күн бүгін.
Қазақ халқы қиын-қыстау заманды басынан өткізді. Бұрын-соңды болмаған соғыс, ашаршылық секілді азапты күндерді көрді. Соған қарамастан тілі басқа, діні бөлек, басына қара бұлт үйірілген қаншама ұлтқа пана бола білді. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды десек артық айтқандығымыз емес. Тағдыр тәлкегіне түсіп, жан сауғалап келіп, осынау дархан даладан пана тапқан өзге ұлттар қазақ халқына шексіз риза. Өйткені, олар қазақтан жылу, пана тапты. Бүгінде олардың ұрпақтары Қазақстанды өз отаны деп санайды. Жергілікті халықтың тілін, дінін, ділін, дәстүрін сыйлайды. Мен де шаңырақ үлкендерінің әрдайым қазақ ұлтына деген шексіз алғысын естіп өстім. Содан болар, тілін де меңгеріп, бүгінгі таңда тәп-тәуір қазақша сөйлей аламын. Бұл менің қазаққа деген құрметім, бұл менің Қазақстанды Отаным деп қабылдауымның дәлелі.
Алғыс айту күні еліміздің азаматтары қазақ халқына алғыс айтуымен қатар баршамыздың өз ата-анамызға, бауырларымызға да қала берсе барша отандастарымызға алғыс білдіретін күн екенін ұмытпайық.
Михаил Россейкин,
Теректі ауданы
Шағатай ауылы