Бәйтерек аудандық тарихи-өлкетану музейінде 1 наурыз - Алғыс айту мерекесіне арналған «Алғыс айту – адамзаттың асыл қасиеті» атты мерекелік концерт өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев, аудандық мәслихат хатшысы Нұрлыбек Хайруллин, мекеме қызметкерлері және тағдыры Деркөл мен Жайық арасында тоғысқан ұлт өкілдері қатысты. Мерекелік жиын барысында көпшілік қазақ халқының кеңдігі мен кішіпейілдігін ұлықтап, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан мызғымас достығымыз бен татулығымызды ұран етті.
–Біраз жылдан бері Алғыс айту күнін атап келеміз. Бұл мереке бүгінде жалпыхалықтық сипатқа ие бола бастады. Алғыс айту күні – ұлттық кодымыздың айқын дәлелі. Қысың-таяң шақта Қазақ жерін паналап келген түрлі ұлт өкілдерін жергілікті халық өзектен теппеді. Керісінше, бауырына тартып, бар ауыртпалығын бірге көтерді. Тәуелсіз ел болған 30 жыл ішінде зайырлы мемлекет құру жолында талай шаруа атқарылды. Аталмыш мереке қазақтың жомарт жеріне, дархан халқына деген ерекше ықылас пен құрметтің көрінісіне айналды. Осы күні елімізді мекендеген ұлт пен ұлыстар арасында өзара түсіністік пен баянды ынтымақ қалыптасты. Бұған өзге ұлт өкілдері де айтарлықтай үлес қосып келеді. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз баянды, еліміз мәңгі болсын,- деді аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев өз құттықтауында.
Одан соң аудан орталығындағы Камен мектебінің мұғалімі Наталья Жилкина сөз алып, шұғылалы көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін аталмыш мереке ортақ тарихымызға деген құрмет пен қазақ халқына деген ризашылықтың көрінісі десе, орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдіскері Виктория Қонашева патриоттық пен елге деген сүйіспеншіліктің ұлттар арасындағы достықтың мерекесіне айнала бастаған Алғыс айту күні өзгенің өзегінен теппей, «басқасың» деп басынбаған қазақ халқына деген шексіз ризашылық айтылатын күн екенін атап өтті.
Кейін сахна төріне аудандық «Достық» клубы жанындағы орыс, украин, татар халық шығармашылығы ұжымдары мен «Родничок», халықтық «Достық-Дружба» ансамбльдері және басқа да өнерпаздар көтеріліп, өнерлерін паш етті.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz