2.03.2022, 9:20
Оқылды: 46

«Ұлағат» театры көрерменімен қауышты

Балалар жылына және 1 наурыз - Алғыс айту күні мен 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне орай Дариян мәдениет үйінің жанынан құрылған «Ұлағат» театры үйірмесінің балалары мен жетекшісі Асылай Көпжанова «Алғыс елдің бәріне» атты шығармашылық кешін ұйымдастырды.

IMG-20220302-WA0003

         Біраз уақыт онлайн жұмыстанған «Ұлағат» театр үйірмесінің концертіне келушілер қарасы көп болды. Сахнаны сағынған жас актерлар көрерменге тамаша қойылым ұсынып, режиссер Асылай Көпжанова өз репертуарындағы әндерін орындады. Әнді сүйетін шын өнерді бағалай білетін көрермен аталмыш кештен тамаша әсер алды.

Әлемді жайлаған пандемия кезінде де жұмысын тоқтатпаған театр үйірмесі былтыр республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, қоржындарын жүлдеге толтырды. Өткен жылы Алакөлде болған «Жұлдызға қадам» атты халықаралық байқаудың бас жүлде иегерлері А.Рамазан, С.Шаймарданова, А.Нұрлан және Ж.Аширова сынды жас әртістер елдің ықыласына бөленген «Мейірім» қойылымын қойса, көршілес Қырғыз еліндегі Ыстықкөл жағалауында өткен «Juldyz Art» халықаралық конкурсының бас жүлде иегерлері Н.Джуламанов пен С.Бялт өздерінің «Счастья молодости и зрелости» прозасын оқып, ағайынның қошеметіне ие болды. Сондай-ақ «Дарьюшка» халықтық би ансамблінің мың бұралған бишілері де өз өнерлерін ортаға салып өнер кешіне сән берді.

IMG-20220302-WA0002

Театр үйірмесінің ашылғанына биыл 5 жыл болды. Өнердегі жолын «Ұлағаттан» бастаған жас әртістер қазір 10-сыныпта оқиды. Өзінен кейінгі бүлдіршін топтың үлгі аларлықтай аға-апаларына айналып үлгерген. Бұл концерт жеңісі мен жеңілісі, қуанышы мен әттегенайы қатар жүрген 5 жылдың ішінде бір-біріне бауыр басып қалған үйірме мүшелерін тағы бір табан жақындастыра түскендей боллды. Өнер сүйген жас буын ізін басқан бүлдіршіндер тобына орын беріп, олардың театр үйірмесіне сіңісіп кетуіне көп көмектескенін айтады үйірме жетекшісі Асылай Көпжанова.

Кеш соңында талай жыл мәдениет саласында тынымсыз еңбек еткен Александр Огородников пен ауыл әкімінің орынбасары Нұрлан Әжиев өнерпаздарды марапаттау мәртебесі өздеріне бұйырғаны үлкен мақтаныш екенін айтып, «Ұлағат» театрының режиссері Асылай Кубжановаға алғысхат табыстады.

Халықтың ризашылығына бөленген жас әртістер алтын уақыттарын бөліп, кешті тамашалуға келген көрерменге алғыстарын білдіре отырып, балаларға бақытты балалық шақ тіледі. Ұққанға – ұлағат, білгенге – ғибрат боларлық көңілді кештерін қоюға театр үйірмесінің мүшелері әрдайым дайын.

Мадина Ибрагим,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале