Биыл 2 наурыздан бастап «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының заңы күшіне енді. Бұл заң жануарларды қорғауды, қоғамның ізгілік қағидаттарын сақтауды көздейді. Сондай-ақ жануарларға жауапкершілікпен қараудағы қоғамдық қатынастарды реттейді.
Қазір өңірде қаңғыбас иттердің көбейіп кетуі – өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Әсіресе облыс орталығында бұралқы иттер көп. Көбінесе мектеп, балабақша, емханалардың қасында және қоқыс жәшіктерінің маңында топтасып жүрген иесіз иттер тұрғындарға қауіп төндіруде. Осыған байланысты тұрғындар тарапынан оларды шұғыл жою жөнінде көптеген арыз-шағымдар түсуде. Түрлі хабарламалар, бейнетүсірілімдер мен фотосуреттер әлеуметтік желілер арқылы тарауда.
Бүгінгі таңда қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау «Батыс Қазақстан облысы елді мекендерінің аумағында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою» қағидасына сәйкес жүзеге асырылады. Қағидаға сәйкес жануарларға адамгершілікпен қарау мақсатында ауланған қаңғыбас иттер мамандандырылған мекемеде биозарарсыздандырудан өткізіледі. Оларға құтыру ауруына қарсы вакцинация, дегельминтизация, чип енгізу шаралары жүргізілді. Биозарарсыздандырылған жануарлар 3-7 күн бақылауда ұсталып, кейін мекендеу ортасына кері жіберіледі.
Адам мен жануарлардың денсаулығына қауіп төндірген қаңғыбас ит-мысықтар жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негізінде жойылады. Бұл іс-шара қолданыстағы ереженің 2-бөлімінің 12-тармағына сәйкес жүргізіледі. Былтыр облыс бойынша 5 030, соның ішінде Орал қаласында 2 206 бұралқы ит-мысық биозарарсыздандырылып, кері жіберілді. Жыл басынан бері облыс орталығында 323 бұралқы ит пен мысық биозарарсыздандырылды.
Жоғарыда атап өткен «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң азаматтарға жануарларға жауапкершілікпен қарауды міндеттейді. Заңға сәйкес жануардың өлуіне, мертігуіне немесе саулығына өзге де зиян келтіруге, ұрып-соғуға, азаптауға, жануарлар төбелесін ұйымдастыруға және өткізуге болмайды. Сондай-ақ иттер мен мысықтарды тамаққа пайдалануға, сою немесе мертіктіруге, оларды өнім мен шикізат алу үшін өсіруге, ұстауға, пайдалануға, өнімін өткізуге тыйым салынған.
Үй жануарларының ретсіз көбеюін болғызбау үшін жануардың иесі немесе жауапты адам стерилизациялау арқылы шаралар қабылдауға міндетті. Иттердің тұмылдырықсыз және қарғыбаусыз өз бетінше серуендеуіне, үй жануарларын бақылай алмайтын, масаң күйдегі адамдардың серуендетуіне тыйым салынады. Үйдің аумағына кіреберісте үй жануарының бар екені жөнінде ескерту жазбасы болуы тиіс.
Жаңа заңға түсінік бере отырып, заң талаптары мен міндеттерін орындамағандар жауапты болатынын облыс тұрғындарының қаперіне саламыз.
Облыстық ветеринария басқармасы