Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Осыған орай, Бәйтерек ауданы Достық ауылдық клубының жетекшісі Жұмазия Исмагулова, музыкалық жетекші Дүйсенбай Жақыпов, кітапхана қызметкері Зоя Кенжеғалиева, хор жетекшісі Дилора Сағын мен би үйірмесінің жетекшісі Серік Дүйсалиев мерекелік шара ұйымдастырды. Оған әр жастағы балалар қатысып, өз өнерлерін көрсетті.
Ауылдың өнерге жақын өрендерінің концерті клубқа жиналған көрермен көңілінен шықты. Сондай-ақ мерекелік шараға бүлдіршіндердің сүйікті кейіпкерлері кейпіне енген қуыршақтар келіп, тамаша кештің сәнін кіргізді.
Балалар жылының ашылуына арналған қызықты кеште Аэлита Еркінова, Қарақат Бектілеуова, Жанерке және Жанбота Альмуханова сынды мектеп оқушылары өз өнерін көрсетіп, ағайынды таң-тамаша етті. Кеш соңында ауыл тұрғындары шара ұйымдастырушыларына алғысын білдіріп, рахметтерін жаудырды.
Рима Абдрешова,
Бәйтерек ауданы
Достық ауылының тұрғыны,
көп балалы ана