Бүгін Бөкей ордасы ауданына, нақтырақ айтқанда Бисен ауылына облыстық мәслихат хатшысы Бибігүл Қонысбаева, облыстық мәслихат депутаты Серік Жарылғапов және жол құрылысына жауапты мекеме басшылары мен мердігерлердің өкілдері келді.
Оларды аудан басшысы Нұрлыбек Даумов, облыстық мәслихат депутаты Исатай Ғабдуллин, аудандық мәслихат хатшысы Лариса Қайырғалиева, аудандық мәслихат депутаты Ермек Меңдешев, ауыл әкімі Кенжебек Құрмашев қарсы алып, жол жағдайымен таныстырып, жол құрылысына жауаптылардың өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармай отырғандарын айтты.
– Аудан халқын жолдың жайы қатты қажытып жіберді. Талапқа сай жасалмаған айналма жолдар да барыс-келіске кедергі. Жолаушыларымыз тәуліктеп жолда түнеуге мәжбүр. Тауар тасымалдайтын кәсіпкерлерге де қиын. Аудандағы азық-түлік дүкендерінің сөрелері босап қалды, - деді сөз бастаған аудандық мәслихат хатшысы Лариса Қайырғалиева.
Аудандық мәслихат депутаты Ермек Меңдешев:
- Жол қырып, тегістейді деген мердігерлеріміздің тракторларын менің тракторларым сүйреп, шығарып жүр. Жазда шөп шабатын техникамды тұқыртып болдым. Мердігерлер жұмыстарына салғырт қарайды. Әкелген қиыршық тастары тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетуде. Қадағалау жоқ. Айналма жол биіктетіліп, тығыздалып салыну керек еді. Біздің жақ пен Өнеге мен Казталов арасындағы айналма жолды салыстырыңыз, жер мен көктей. Материал тасымалданған жоқ. Мына жол алдағы жылы да жоспарға салынбайды, - деп өзінің наразылығын білдірді.
Мердігерлер ауа райының қолайсыздығынан материал тасымалын жүзеге асыра алмай отырғанын айтты. Тасымал демекші, теміржол арқылы тасымалдау да дәл қазір тұралап тұр екен.
- Өткен жылы Ресей теміржолымен келісімшарт жасалып, 900 вагон материал тасымалдауға келісілген. Соның тек 60 вагоны ғана әкелінді, - дейді "Атырау жолдары" ЖШС директоры Серғали Қажығалиев.
" ҚазАвтоЖол" АҚ басшысы Әмір Кәрімбаев:
- Мердігер жұмыс жасай алмайды деп келісімшартты бұзу оңай. Бірақ орта жолда ат ауыстырғаннан ұтарымыз аз. Біріншіден, қайта конкурс жариялап, уақыттан ұтыламыз. Екіншіден, қиын да ұзақ мерзімдік мұндай жобаға жауапкершілік танытатындар аз. Сондықтан, бірлесіп жұмыс жасаудан басқа тиімді жол жоқ, - деді.
Аудан әкімі Нұрлыбек Даумов:
- Сын айтқанға шамданбай, түсіністікте жұмыс жасауға шақырамыз. Халықты ашындырмайық. Жолға қатысты шағым көп. Жолда қалған, көлігі істен шыққан ауылдас көп. Көктем осындай қиындықпен өтер, алдағы күзде де осы жағдайдың қайталануына жол бермейік, - деді.
Облыс орталығынан келген қонақтар ауылдағы дүкендерді аралап, ауданның нарық бағасымен танысып, ауыл тұрғындарымен кездесті.
Жұмыс сапарын қорытындылаған облыстық мәслихат хатшысы Бибігүл Тишанқызы сапарға себеп болған мәселе бойынша облыстық, аудандық мәслихат боп атқарушы билікпен бірлесіп жұмыстанатындарын, шалғай аудандардың жол жағдайын басты назарда ұстайтынын айтты. Жол материалдарының тасымалына қатысты мәселені тиісті деңгейде көтеруге уәде етті.
Ұлпан Әнуарқызы,
Бөкей Ордасы ауданы