Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында Салтанат сарайында «Гүл сыйлайық әйелге» атты концерттік бағдарлама болды. Іс-шараға облыс орталығында және аудандарда әртүрлі салада қызмет істейтін әйелдер мен қыз-келіншектер шақырылды. Мерекелік шарада облыс әкімі Ғали Есқалиев құттықтау сөз сөйлеп, оларды төл мерекелерімен қызу құттықтап, денсаулық, бақыт, қуаныш тіледі.
- Әрдайым мына өмірге сән беріп, жылу таратып, мейірім төгіп, шуақ шашып тұрғандарыңыз үшін сіздердің алдарыңызда мәңгі қарыздармыз. «Әйелдің жүрегі - әлемнің тірегі»,-дегендей, жер бетіндегі әсемдік пен сұлулық атаулы әйел көркі мен ана мейірімінен нәр алған. Шыңғыс Айтматовтың «Адамды құрметтеуден, әйелді құрметтеуден асқан бақытты көрмедім» деп тебіренуінде терең мән жатыр.
Бүгінгі шарамызға талай байрақты бәсекелерде көк туымызды желбіретіп, әнұранымызды әуелеткен халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Абзал Әжіғалиев пен Әділ Ғалиахметовтың, жасөспірімдер арасындағы батуттық гимнастикадан әлем чемпионы Ислам Қабдоловтың аяулы аналары қатысып отыр.
Бұдан бөлек полиция сапында ерлермен тең дәрежеде иық тіресіп қызмет етіп қана қоймай, таэквондодан Қазақстан чемпионы, қара белбеу иегері Дариға Тілекқызы, «Зенит» зауытында жарты ғасырдай еңбек етіп келе жатқан ардагеріміз Ольга Бедова, айтыс аламанында Батыс өңірінің абыройын асқақтатып жүрген ақын Жансая қарындасымыз қатысып отыр.
Баршаңызды осынау айтулы көктемнің алғашқы мерекесі - 8 наурыз халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтай отырып, күндей құлпырып, гүлдей жайнап өміріміздің көркі болып жүре беріңіздер,-деді Ғали Нәжімеденұлы өз сөзінде.
Салтанатты шарада барша қатысып отырған әйел-аналар мен қыз-келіншектерге құрмет көрсетіліп, оларға арналған сыйлықтар тапсырылды.
Өнерпаз ер адамдардың қатысуымен әйел-аналарға тартымды концерттік бағдарлама тарту ету де назардан тыс қалмаған.
Облысқа, қала берді кең байтақ республикамызға танымал Айбар Хайырқанов, Марат Сарбөпеев, Жаскелең Ғайсағалиев, Дастан Есентеміров, Ернар Өмірәлі, Ербол Ақбасов, Сұлтан Даутов, Камалиден Айтбаев, Алтынбек Оразов сынды әншілер әуелете ән шырқап,
Нұржан Сертеков, Қуанышбек Мұқанғалиев сияқты шебер күйшілер екі шекті домбыра шанағынан күй күмбірлетті. Сол сияқты мемлекеттік қызметкер Талғат Нығметов пен қалалық мәслихаттың депутаты Арман Бегалиев көпшілік арасында кең тараған «Арман жырым аруларым» әнін сазына, нақышына келтіре орындады.
Бұл ағаларымен үзеңгі қағысқан «Айналайын» продюссерлік орталығының балалар хоры, кіші топ бишілері аяулы аналарына арнап ән мен биден шашу шашты.
Мерекелі шарада, сондай-ақ Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының актерлары да қатысып, поэзиялық композиция ұсынды.
Нұрым Нұрманов,
Фотосурет: Рафхат Халелов
zhaikpress.kz