Иә, Мөлдір – «құпия» қызметкер. Ол көрінбейді, ел арасында есімі де аталмайды. Алайда өңірдің Бәйтерек, Тасқала, Казталов және Сырым секілді іргелі аудандарына тарайтын газеттер оқырманға сауатты, қатесіз жетіп жатса – демек, Мөлдір жұмысында.

Мөлдір Әнуарбекқызы Казталов ауданы, Саралжын ауылында дүниеге келген. Оның газеттегі қызметі 2012 жылы аудандық «Ауыл айнасы» газетінен басталды. Саралжынның сары қызын сөз өнеріне сауатты, жазу жұмысына жетік екенін байқап, басылымға шақырған белгілі журналист, сол кездегі редактор – Серік Жұмағалиев еді. Содан да болар Мөлдір:«Журналистикадағы алғашқы ұстазым – Серік ағай!» деп үнемі айтып жүреді.
«Құпия» қызметкер бүгінде «Жайық Пресс» ЖШС жарнама, жазылым және аудандық газеттерді беттеу орталығында корректор болып қызмет етеді. Қолынан аптасына 4 газет, яғни 40 бет өтеді. Дизайнер құрастырған беттердің бәрін оқып, қатеден арылтып, түзеп, үйлестіру – Мөлдірдің жұмысы. Мақаланың бәрі бүтін бола бермейді. Біреудің лауазымы дұрыс жазылмайды, бірінің суреті ауысып кетеді. Мөлдір соның бәрін қадағалайды.
Корректор ханымның «Сырым елі» газетінің де ажарлы, сәнді бастысы «таза» болып басылып, оқырман игілігіне айналуына қосып жүрген үлесі зор. Редакция атынан «құпия» әріптесімізді мерекесімен құттықтаймыз!
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы,
zhaikpress.kz