8.03.2022, 23:16
Оқылды: 83

Қорғаныс саласының ханымы

Ләззат Тоқтамқызы Кенеева 42 жыл еңбек өтілінің 32 жылында нәзікжандылығына қарамастан, ерлермен бірге иін тіресе, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімде қызмет атқарып келеді. Жуырда Ләззат Тоқтамқызы мерейлі 60 жасқа толды. Алты айдан кейін зейнет жасы да есік қағып тұр. Әскери маман болмаса да, осы салада күн-түн демей еңбек еткен жылдарында ауданның 11 әскербасымен қоян-қолтық қызмет етті.

IMG-20220308-WA0296

Ләззат ханымның әкесі Тоқтам Кеневтің есімі аудан, облыс жұртшылығына жақсы таныс. Әкесі Тоқтам мен анасы Қыздархан Талдықорғанда дүниеге келген. Орал өңіріне 1953 жылы заңгер ретінде ауысты. Кейіпкеріміз Ләззат Фурманов ауданында дүниеге келді. Алты қыз, бір ұлдың бесіншісі. Ол Жымпиты топырағына алғаш 1970 жылы 2-сынып оқып жүрген кезінде табан тіреді. Жымпиты орта мектебін 1979 жылы бітіріп, сол жылы 3 қыркүйекте әскери комиссариатқа әскери есеп үстелінің бастығы болып жұмысқа келді. Әскерден келгендерді есепке алып, әскери міндеттілерді есептен шығарды. Ол кезде әскери комиссариат бастығы Қуанышқали Өтебаев деген кісі еді.

1994 жылы қысқартуға ұшырап, алты жыл ауыл әкімдігіне қызмет етті. Кейін 2001 жылы аудандық қорғаныс істері бөліміне қайтадан жұмысқа шақырылды. 2003 жылы АТиСО-ның құқықтану бөлімін бітірді.

Ләззат Тоқтамқызы – бүгінде әскери ресурстарды есептеу және тағайындау басшысы. Жұмысына, әсіресе, қағазға өте мұқият. Құқықтық сауаттылығы жоғары. Сарбаз, сержанттармен, офицерлермен жұмыс жасайды. Әскери билет жазып береді, әскерден келгендердің әкімшілік құқық бұзушылықтарын қадағалайды. Әскерден келіп, есепке тұрмай жүрген азаматтармен жұмыстанады. Әскери билетін жоғалтқандар да бірінші Ләззат апаның алдына келеді. Зейнеткерлік жасқа жеткендер де анықтама алады. Қорғаныс істері бөлімінде 32 жыл қызмет атқарып келетін Ләззат Кенеева жаңадан жұмысқа кірген кезде әскерден қарсы алған сарбаздары бүгінде зейнет жасына жетіп, анықтама алуға келіп, әлі де осы қызметте жүргеніне таңданып жатады. Бұрын әскерден қарсы алған әкелердің енді ұлдары келіп жатыр. Әкелі-балалы екеуі болып, біреуі зейнеткерлікке анықтама алуға, бірі әскери есепке тұруға бірге келетіндер де көп екен.

Ләззат Тоқтамқызының жұмысынан бөлек тағы бір сүйікті ісі бар. Ол –тоқыма тоқу. Белі ауырғанына қарамастан тоқитын әдеті бар. Аяққа шұлықтан бастап 3Д жамылғыға дейін қолдан тоқиды. Отбасында аудандық сотта қызмет жасайтын Далер есімді бір ұлы бар. Кейіпкеріміз енді келін түсіріп, немере сүйсем дейді.

Шынар Молданиязова, 

Сырым ауданы, 

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале