Красноярск қаласында допты хоккейден жоғары лига командалары арасында өтіп жатқан бүкілресейлік жарыстың финалында Оралдың «Ақжайығы» төртінші кездесуін бүгін «Кировец» (Уфа) командасымен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш қос клуб үшінші топта сынға түсіп, финалдық кезеңге жолдама алған болатын. Өзара ойындарында қос-қостан жеңіске жеткен еді.
Бұл жолы «Ақжайықтан» Петр Грибанов есеп ашқанымен, уфалықтар сапындағы Павел Даданов қатарынан үш гол соқты. Бұдан кейін Сергей Башаев есепті қысқартты – 2:3.
Екінші таймда уфалықтар сәттірек ойнап, қорытындысында 11:7 есебімен ұтып кетті. «Ақжайықтан» ресейлік сұрмерген Максим Пахомов үш, команда капитаны Максим Өтебалиев екі голдың авторы атанды.
Оралдықтар А тобындағы соңғы матчын 11 наурыз күні «Волга-Черемшан» (Ульяновск) командасымен өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» екінші жеңісіне қол жеткізгенін жазған болатынбыз.