9.03.2022, 13:00
Оқылды: 51

Спортшы қыздарға мереке сыйлады

Бәйтерек аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі 8 наурыз мерекесіне орай ауданның спортшы қыздарына екі бірдей мереке сыйлады. Алдымен спорт мектебінің ұжымы 2010 жылы туған және одан кіші жастағы қыздар арасында баскетболдан аудан чемпионатын ұйымдастырды.

IMG-20220309-WA0025

Дене шынықтыру және спорт кешенінде өткен қызықты жарысқа бірнеше команда атсалысты. Қорытындысында Көшім мектебінің қыздары үшінші, Переметный мектебінің қыздары екінші орын иеленсе, балалар мен жасөспірімдер мектебінің командасы жарыс жеңімпазы атанды.

IMG-20220309-WA0019

Жарыс барысында командасын алға сүйреп, үздік өнер көрсеткен  переметныйлық Алина Кантемирова «Үздік шабуылшы», көшімдік Анель Нұржан «Үздік қорғаушы» атанса, спорт мектебінің командасын алға сүйреген Алина Дүйсембеева жарыстың «Үздік ойыншысы» номинациясын жеңіп алды.

IMG-20220309-WA0020

Одан бөлек БЖСМ ұжымы 2007-2008 жылдары туған волейболшы қыздардың басын қосып, тамаша жарыс ұйымдастырды. Аталмыш әуе доп бәсекесіне, балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің, Погодаев, Егіндібұлақ, І.Есенберлин және Қ.Аманжолов атындағы мектептердің, сондай-ақ Мичурин, Камен білім ордаларының командалары қатысты.

Жарыс қорытындысында қарсыластарының барлығын қапы қалдырған Камен мектебінің қыздары жарыс жеңімпазы атанса, екінші орынды Погодаев, үшінші орынды Ілияс Есенберлин атындағы мектеп командасы жеңіп алды.

IMG-20220309-WA0028

Сондай-ақ жарыс барысында үздік ойын көрсеткен Погодаев ауылы командасының лидері Дарья Захарова «Үздік ойыншы» номинациясын иеленсе, Камен мектебінің командасын алға сүйреген Елизавета Долбленова «Үздік шабуылшы», Ілияс Есенберлин атындағы мектеп командасының ойыншысы Алия Бакешова «Үздік қорғаушы», Камен мектебінің ойыншысы Айғаным Сартупаева «Үздік байланыстырушы» аталымына лайық деп танылды.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы 

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале