11.03.2022, 17:20
Оқылды: 47

Мемлекет кепілдік берген заң көмегінің бюджеті артуы мүмкін – Қанат Мусин

 ҚР Әділет министрі Қанат Мусин мемлекет кепілдік берген заң көмегінің бюджетін арттыруға мүмкнідік бар екенін айтты. Астанада өткен «Заманауи адвокатура проблемалары және оларды шешудің жолдары» атты дөңгелек үстелде осы мәселе көтерілген болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

200902120147161a3689873i

БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Айдын Бикебаев бұл проблеманың мәнін түсіндірді.

«Мемлекет кепілдік берген заң көмегі бойынша адвокаттарға төленетін қаламақы мөлшері төмен. Бір айда адвокаттар бұл қызмет аясында 80 мың теңге алады. Оған 10 процент жеке табыс салығы салынады. Одан басқа әлеуметтік салық ретінде 2 айлық есептік көрсеткіш төленеді. Басқа да салықтар бар. Әр адвокат жарна төлейді. Мысалы, Алматыда оның көлемі 5,5 мың теңге. Сонда біздің есептеуіміз бойынша, мемлекеттен алатын 80 мың теңгенің 50 пайыздан астамы төлемдерге кетеді. Адвокат жеке жұмыс істеуі үшін кабинет жалдауы керек. Осындай қиындықтар бар. Соған мемлекет тарапынан көмек сұраймыз. Өйткені адвокаттың беделі болу үшін, оның жұмысы сапалы болу үшін өзгерістер керек», - деді ол.

Айтуынша, былтыр бұл төлемге республикалық бюджеттен бүкіл Қазақстан бойынша 1,8 млрд теңге бөлінген екен.

«Бір адвокатқа бір айда 4 іс жүргізгені үшін 80 мың теңге беріледі деген сөз. Бір істің қаламақысы – 20мың теңге. Бұл, әрине, қызмет сапасына әсер етуі мүмкін. Жалпы Қазақстан бойынша 5700 адвокат тіркелген. Былтыр соның 1800-і мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетті», - деді қауымдастық басшысы.

Оның пайымынша, заңға тиісті өзгерістер енгізу  керек.

«Біздер, адвокаттар тергеушінің өзіне тәуелдіміз. Қаламақыны алу үшін тергеушінің қолы қойылған қаулы керек. Артынан жүгіріп жүреміз. Ол дұрыс па? Тәуелсіздік осыдан басталады. Біздің есебіміз бойынша қылмыстық істердің 70 пайызында адвокаттар осындай проблемаларға жолығады. Оны шешу үшін заңды, төлемақыл тәртібін өзгерту керек. Біздің бұл мәселе бойынша ұстанымымыз айқын. Адвокатқа қаламақы төлеу үшін тергеушінің қолы қойылған қаулы қажеттігі туралы талап күшін жоюы керек», - деді Айдын Бикебаев.

ҚР Әділет министрі Қанат Мусин бұл талап орынсыз екенін айтады.

«Өздеріңіз білесіздер, бюджеттен төленетін әр ақшаның тиісті құжаттары болуы керек. Тергеушінің қаулысы адвокаттың жұмыс істегенін айғақтайды. Сондықтан бұл құжат қажет. Оны алып тастасақ, орнына басқа бір құжат болуы керек. Яғни, бұл талапты жою проблеманы шешпейді. Былтыр мемлекет кепілдік берген заң көмегіне бюджеттен төленетін қаламқыға 1,8 млрд теңге бөлінген болатын. Биыл 2,3 млрд бөлініп отыр. Бүгін таңда заңнама тұрғысынан проблема жоқ. Бірақ қаржыландыру жеткілікті ме деген мәселе бар. Бұл бюджет жылында үнемі реттеледі. Шешімін табамыз деп ойлаймын. Бүгінгі таңда қаржы жеткілікті. Қажет болса, көбейте аламыз», - деді министр.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале